Марат Ахметжанов: мердігерлердің жұмысын төрт кезең бойынша бақылаймыз
Облыстағы бірқатар білім ошақтары мерзімінен кешіктіріліп жатыр. Олардың жұмысын жеделдетіп аяқтау үшін шұғыл шаралар қабылдануы қажет.
Уақытылы аяқталмаған құрылысқа жауапты мерлдігерлермен шұғыл жиналыс өтті. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қаражатты тиімді пайдаланылмайтынын қадап айтты.
«Мемлекет қыруар қаржы бөледі. Бірақ, аяқталмаған нысандарға жол беріп жатырмыз. Сапасы жоқ, мерзім сақталмай жатыр, сот процестері ұзаққа созылады. Осының барлығы білім сапасына кері әсер етіп, бюджетке қосымша салмақ түсіреді. Тек соңғы үш жылда бюджет қаражатын бөлу түзетулер арқылы 70 миллиард теңгеге ұлғайтылды. Бұл қаржыға өңір тұрғындарының игілігіне пайдалануға болатын қосымша нысандар салуға болар еді», - деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, Марат Ахметжанов мердігерлерді қатаң сынға алып, бақылау жүргізілетінін жеткізді.
«Сіздерге толық қаражат бөліп жатырмыз.Сонымен қатар, биыл күшіне енген «Қоғамдық бақылау туралы» Заңға сәйкес барлық білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қоғамдық бақылау жасауды ұсынамын. Енді жергілікті әкімдіктер тарапынан бақылау күшейтіліп, қоғамдық бақылау мен құқық қорғау органдарының бақылауы болады. Сондай-ақ, біз онлайн формат арқылы бөлінген бюджет қаражатының ұрланбауы үшін жұмсалуын бақылауға мүмкіндік беретін үлкен ахуал орталығын құрудамыз. Цифрландыру басқармасына нысандарға бейнебақылау орнатуды тапсырамын», – деді Ақмола облысының әкімі.
Жиын соңында Марат Ахметжанов мердігерлерге олардың басты міндеті – атқарылған жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуына тоқталды.
«Біздің міндетіміз – сіздерді, кәсіпкерлерді қолдау. Бірақ сіз де адал еңбек етуіңіз керек. Адал еңбек етсеңіз, біз сізге көмектесеміз. Барлығымыз халықтың игілігі үшін еңбек етуіміз керек», – деп түйіндеді өз сөзін аймақ басшысы.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -