Мемлекеттік аудит барысында Маңғыстау мектептерінің бірінде шамамен 26 млн теңгеге бұзушылықтар анықталды
Жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының №6 жалпы білім беретін мектебінде шамамен 26 млн теңгеге бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды ҚР Жоғары аудиторлық палатасының баспасөз қызметі.
Білім мекемесіне қатысты аудиторлық іс-шараларды Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті өткізді. Нәтижесінде қаржылық және рәсімдік сипаттағы бірқатар бұзушылық анықталды.
Атап айтқанда, жекелеген қызметкерлерге еңбекақыны, негізсіз қосымша ақылар мен сыйлықақыларды артық төлеу, сондай-ақ іссапар тапсырмаларын орындамау және іссапар құжаттарын дұрыс ресімдемеу фактілері анықталды. Осылайша, жалпы сомасы 25 891,5 мың теңгеге әртүрлі бұзушылықтар анықталды.
Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша бюджет қаражатын өтеу және бухгалтерлік есепті қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ ҚР заңнамасын бұзуға жол берген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау тапсырылды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -