Мерзімді қызметтің сарбазы парашютпен секіру кезінде шеберлік танытты
Жазғы оқу кезеңі Қарулы күштерде кәсіптік даярлықтан басталды.
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері үшін оған парашютпен секіру кіреді. Күзде әскерге шақырылып, алты ай қызмет еткен сарбаздар бірінші рет секіріп отыр.
Олардың әрқайсысы 4 сериялы D-6 парашют жүйесін киіп, тікұшақ бортына көтерілу сәтін асыға күтті. Бірақ бұған дейін әскери қызметшілер жерде оқып-жаттықты.
- Алдымен алғаш секірушілер парашюттің, аспаптары мен жабдықтардың тактикалық-техникалық сипаттамаларын, содан кейін секіру үшін парашют жүйесін зерделейді. Әуе-десанттық кешеннің тренажерларында секірудің барлық элементтерін пысықтайды. Оның ішінде әуе кемесінен секіру техникасы, төмендеу кезіндегі штаттан тыс жағдайларда әуедегі іс-қимылдарды пысықтау, қосалқы парашютті пайдалану қағидалары мұқият жетілдіріледі, - дейді Алматы десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің әуе-десанттық дайындық жөніндегі орынбасары подполковник Ержан Төлепұлы.
Парашютпен секіру кезінде 61993 әскери бөлімінің мерзімді қызмет сарбазы қатардағы жауынгер Данабек Алтынбектің күмбезі жарылып кетті. Дегенмен нұсқаушылардың жерде үйреткен барлық білімі оған әуеде кәдеге жарады.
– Бұл менің алғаш рет секіруім. Оған ұзақ дайындалдым. Әуе-десанттық дайындық нұсқаушылары біздің оқуымызға көп көңіл бөлді. Күмбездің толық ашылмауы сияқты ерекше жағдайлар туралы ескертілді. "Қосалқы құралды" қалай қолдану керектігін де үйретті. Мен бірдеңе дұрыс емес екенін түсінгенде, тіпті қорқуға уақыт болмады. Тез арада бізге үйретілгеннің бәрін есіме түсіріп, қосалқы парашютті қолдандым. Жерге жарақатсыз, аман-есен қондым. Енді келесі секіруге дайынмын, - дейді қатардағы жауынгер Данабек Алтынбек.
Парашютпен секіру – Десанттық-шабуылдау әскерлері әскери қызметшілерін даярлаудың ең қиын және жауапты кезеңдерінің бірі. Бірақ батылдық пен қиын жағдайда әрекет ету қабілеті десантшының шеберлігіне және әуе-десанттық дайындықтан өту кезінде алған дағдыларына байланысты.
- Төтенше жағдайдағы іс-қимылдың сәтті нәтижесі парашютшінің қалай оқытылғанына байланысты. Біздің әскерлерде: "Аспан қателіктті кешірмейді" деген сөз бар. Сондықтан әуеде "жақсы" деген баға алу үшін жердегі барлық сабақты "өте жақсы" бағаға тапсыру керек. Көк жүзінде десантшы күмбезбен жалғыз қалады. Кез келген жағдайда оған тек өз білімі ғана көмекші, - дейді подполковник Ержан Төлепұлы.
Бұл күні Алматы десанттық-шабуылдау бригадасының 160-тан астам әскери қызметшісі, оның ішінде 93 сарбаз парашютпен алғаш рет секірді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -