Нұрдәулет Қилыбай: Азық-түлік өнімдерінің сапасын бақылауды күшейту қажет
Бүгін, 6 шілде күні өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиналыста Маңғыстау облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Маңғыстау облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Рауан Мұхаевтың баяндауынша, жыл басынан бері облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 810 өтінішті қарастырған, оның ішінде 227 өтініш қанағаттандырылып, 383-і түсіндірме жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде арызданушы тұтынушыларға 18 421 309 млн. теңге кері қайтарылған.
- Тұрғындардан келіп түскен шағымдарды талдау нәтижесінде, халық тарапынан сапасыз тауарларды сатып алу, тауарларды айырбастау және қайтару, тұрмыстық қызмет көрсетудің сапасыздығы, көлік қызметі саласындағы мәселелер, соның ішінде билеттерді қайтару кезінде ақшаны қайтарудан бас тарту сынды мәселелер көптеп түседі, - деді Рауан Мұхаев.
Сондай-ақ, 2024 жылдың 1 қаңтарында іске қосылған «Сапалы өнім» тұжырымдамасы контрафактілік және сапасыз өнімдерге қарсы күресті мақсат етіп, 23 азық-түлік өнімі тексерілді. 9 өнім дүкен сөрелерінен алынып, әкімшілік шаралар қолданылды.
Аппаратттық жиынға тұтынушылардың құқығын қорғау саласында еңбек етіп жүрген қоғам белсенділері де қатысып, саланы жетілдіруге қатысты ойларымен бөлісіп, өзекті мәселелерді де көтерді.
Жиын соңында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай аталған мәселеге байланысты нақты тапсырмалар берді.
- Тұтынушылар өздерінің құқығын білуі керек. Облыс көлемінде түсіндірме семинарларын өткізуге қолдау көрсетуді тапсырамын. Ол жерге барған тұрғын, біраз нәрсеге көздері ашылып қалар еді. Сондықтан, кәсіпкерлік бөлімі, қала, аудан, әкімдері, соған қарасты орынбасарлар осы мәселеге жауапкершілікпен қараңыздар. Сонымен қатар, бізде азық-түлік өнімдерінің сапасын, заңдылығын бақылауды күшейту қажет. Бұл - өзекті мәселе. Сол себепті жауапты органдар дүкенде сатылып жатқан заңсыз өнімнің құрамын тексеруден өткізіңіздер,- деді Нұрдәулет Қилыбай.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -