Нұрдәулет Қилыбай Каспий су тұшыту зауытында іске қосылған жаңа қондырғының жұмысымен танысты
Маңғыстау облысындағы Каспий су тұшыту зауытының қуатын екі есеге ұлғайту жобасы сәтті жүзеге асырыла бастады. 25 шілде күні тәулігіне 5 мың текше метр су өндіретін қондырғы іске қосылды. Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай зауытқа барып, жаңа қондырғының жұмысымен танысты, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысында ауыз су тапшылығын жою бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жаңа қондырғы - Каспий су тұшыту зауытын жаңғырту жобасы аясында пайдалануға берілетін қондырғылардың алғашқысы. Қалған төртеуі тамыз айының соңына дейін кезең-кезеңімен іске қосылады. Осылайша, зауыттың қуаты күзге дейін екі есе артып, өңірге 40 мың текше метр су беріледі.
- Өңірді ауызсумен қамтамасыз ету, су тапшылығын жою мәселесі облыс әкімінің жіті назарында. Сондықтан аймақ басшысы бүгін де зауыттағы жұмысты бақылап, жаңа қондырғының іске қосылуына куә болды. Қосымша берілетін 5 мың текше метр суды апта соңына дейін Мұнайлы ауданына және Ақтау қаласына бөлуді жоспарлап отырмыз. Жалпы біздің негізгі тұтынушылар - Мұнайлы, Қарақия ауданының тұрғындары, сонымен қатар шілдеден бастап Ақтау қаласының аумағына да су жеткізудеміз. Қазір зауыт қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр, - деді "Каспий" су тұшыту зауытының директоры Нұрлыбай Аққұлов.
Облыс әкімі зауыт басшылығына қалған қондырғылардың да жұмысын сапалы жүзеге асыруды тапсырды.
Айта кетейік, өңірдегі ауызсу көлемін арттыру үшін жақында «МАЭК» ЖШС аумағында тәулігіне 6000 текше метр су тұшытатын қондырғы іске қосылды. «СК-А-Строй» ЖШС де су тұшыту зауытының қуатын 5000-нан 9 000 текше метрге дейін арттырады. Сондай-ақ тамыздан бастап Ақтау қаласына тәулігіне қосымша 6000 текше метр ауызсу беріледі.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -