Нұрдәулет Қилыбай облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында өзекті мәселелерге тоқталды
Бүгін, 12 шілде күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс он үшінші сессиясында аудан шекараларын өзгерту, ауыз су және экология мәселелері қаралды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Сессия барысында облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Батырбек Тәжімұханов облыс аумағына Каспий теңізінің 12 мильдік аймағының қосылғаны туралы баяндады.
- Бүгінгі таңда аумақтық сулар алып жатқан жерлерді облыс аумағына қосу тапсырмасына орай өңір аумағына көлемі 2 млн. 360,7 мың га қосылып, облыс аумағының жалпы көлемі 18 млн. 924,9 мың гектарды құрап отыр. Аудандар бөлінісіне қарай, Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған ауданындарының және Форт-Шевченко қаласына жер қосу арқылы шекаралары өзгертіледі, - деді Батырбек Тәжімұханов. Сондай-ақ, отырыста Маңғыстау облысындағы ауызсудың бір текше метрі үшін халықтың төлемақы мөлшерінің өзгеруі талқыға түсті.
Маңғыстау облысының энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Серікқали Қанапиннің мәліметінше, облыс бойынша ауызсуға бекітілген орташа тариф 1 текшеметр үшін – 438,09 теңге. Алайда, әр ауданда тарифтердің әр түрлі болуына қарамастан, халықтың ауызсуға төлемақы мөлшері 120/150 теңге төленіп, қалған айырмасы бюджеттен субсидияланып отыр.
Сессияға жиналған депутаттар су бағасының халыққа тиімді боларлық орташа төлемақы мөлшерін қарастыруды жеткізді.
Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай облыстағы өзекті мәселелерге тоқталды.
- Өңірімізде назар аударарлық көптеген мәселелер бар. Экологияға келер болсақ, Каспий теңізі жағалауында итбалықтар қырылып жатады. Неге Маңғыстаудың жағалауында итбалық қырылады? Бұл назар аударарлық жағдай. Оны біз зерттеп, ештеңені жасырмай, анықтауымыз керек. Одан соң, өздеріңіз көріп жүргендей, Ақтау көшелері әлі қазылып жатыр. Ол қысқа қаншалықты дайын, бұл да үлкен мәселе. Әрине, біз қолдан келгенше қысқа мезгілде халыққа уақытылы жылу тарату үшін барынша күш салып жатырмыз. Келесі, ауыз суға байланысты айтар болсам, “МАЭК” ЖШС-дегі қуаты 6 мың текше метр қондырғы мен “Каспий” зауытындағы жаңғырту жұмыстарын уақытында, кестеге сәйкес бітіріңдер деп кеше де барып тапсырма беріп кеттім. Жұмыстар жүрмей жатқан жоқ емес, жүріп жатыр. Бірақ, әттең, мына жаздың нағыз ыстық кезіне үлгермей қалғанымыз өкінішті. Бірақ, енді тамыз айында қос жобамыз аяқталып, жаңа айға жақсы көрсеткішпен кірсек, бұл да бір жеңіс өңір үшін және тек биылғы жаз емес, болашақтың жеңісі сол болатын еді, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -