Нұрдәулет Қилыбай спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ашу жұмысын бастауды тапсырды
Бүгін, 20 тамызда облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиында өңірдегі спорт саласының жай-күйі талқыланып, оны дамытуға қатысты ұсыныстар айтылды.
Бүгінгі таңда спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстар сапалы қызмет пен көңіл көншітетін нәтиже көрсетуге жеткіліксіз. Осы орайда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің санын арттыруды, дарынды балаларға арналған мектеп-интернат колледжі мен спорттық медицина диспансерін ашуды ұсынды. Бұл өңірде үлкен спортты дамытуға, спорт резерві мен жоғары дәрежелі спортшыларды даярлауға, денсаулығын тұрақты бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай спорт саласындағы жетістіктерді арттыру үшін ең алдымен спортшыларға қолайлы жағдай жасау қажет екенін тілге тиек етті.
«Спорт саласында нақты нәтижелерге қолжеткізу үшін стандартқа сай инфрақұрылымның болуы, спортшыларға жеткілікті көңіл бөлінуі аса маңызды. Облыста дарынды балаларға арналған мектеп-интернатын салуды қолдаймын әрі бас жоспарға енгізуді ұсынамын. Алайда, бұл жұмыстар ұзақ уақыт алуы мүмкін. Сондықтан мықты спортшыларды өзге өңірге жібермей, бір ғимаратты жалға алып, жұмысты бастау қажет. Жауапты басқарма басшыларына тапсырма – бюджетін нақты есептеп, шұғыл комиссия құрып, заң аясында мектеп-интернаттың жұмысын жүйелендіріңіздер. Осылайша, келесі олимпиада ойындарына дайындықты бастап, шалғай ауылдағы дарынды балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасауды тапсырамын», - деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Сонымен қатар аппараттық жиында мүгедектігі бар адамдарға арналған спорттағы мәселелер назардан тыс қалмады. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорт клубының ғимаратын кеңейту, бапкердің жетіспеушілігі мен жалақы мәселесі талқыланды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -