Нұржан Ахметқалиев: Білім басқармасы жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде.
Абай облысында инфрақұрылым мен білім беру сапасын жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің кеңейтілген аппараттық кеңесте білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев мәлімдеді.
2024 жылы мектепке дейінгі мекемелерді жөндеуге 114,4 млн.теңге бөлінді. Жеті балабақшаның алтауында жөндеу жұмыстары бітіп, Ақсуаттағы бір балабақшада жұмыс 15 тамызға дейін аяқталады. Жалпы облыста 361 мектепке дейінгі ұйым бар. 167 балабақша мен 194 шағын орталыққа 26 мың бала барады.
Облыста 309 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 302-сі мемлекеттік, 7-уі жекеменшік. Жаңа оқу жылында 101 мыңнан астам оқушы мектеп қабырғасында білім алмақ, ал бірінші сыныпқа баратын оқушылар саны 10 мың.
Мектептерді сапалы құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі басты назарда. Биыл 48 мектепті физика, химия, биология және STEAM пәндері бойынша жаңа 50 кабинетпен жабдықтау жоспарлануда. Бүгінде 30 кабинет жеткізілді. 1 қыркүйекке дейін тағы - 8 , ал қалған 12 кабинет жыл соңына дейін жеткізіледі.
Облыстағы 302 мектепте 54 594 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады. Барлық білім мекемелері 100% қауіпсіздікті қамтамасыз ететін цифрлық бейнебақылау камераларымен, турникеттермен және дабыл түймелерімен жабдықталған. Облыстың мектебі жоқ елді мекендерінде күнделікті 4216 оқушыны 98 мектепке тасымалдау қамтамасыз етілген.
Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мектептерге оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға 491,1 млн.теңге бөлінді. 175 783 дана оның ішінде 113 электронды оқулықтарды жеткізуге 16 баспамен келісімшарт жасалды.
«Жаңа оқу маусымында балалардың сапалы тағаммен қамтылуы және олардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруіміз керек. Сондықтан жауапты тұлғалар білім мекемелеріндегі бейнебақылау камералары өзге де қауіпсіздік қондырғыларының жұмысын қатаң бақылауға алсын. Оқушыларды сапалы ас мәзірімен қамтамасыз етуді естен шығармағанымыз жөн», - деді облыс әкімі
1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында облыста аз қамтылған отбасылардың балаларына көмек көрсететін «Мектепке жол» республикалық акциясы өтуде.
«Заря» ықшамауданындағы орын тапшылығын жою үшін 1200 орындық мектеп ашу жоспарланып отыр. Бүгінде облыс бойынша мектептерге 140 мұғалім қажет.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -