Нормалардың жеткілікті айқындылығы мен негізділігі олардың ерікті түсіндірілуін болдырмайды және азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға ықпал етеді – Конституциялық Сот
Конституциялық Сот азаматтың Қылмыстық-процестік кодекстің екі нормасының (64-бабы тоғызыншы бөлігінің 17) тармағы, 70-бабы екінші бөлігінің 5) тармағы) Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Өтініш авторының адвокаты (қылмыстық іс бойынша күдікті) адвокаты қылмыстық іс шеңберінде оны қорғауды жүзеге асыру кезінде қорғауындағы адамнан жауап алу хаттамасының көшірмесін алуға бас тарту алған. Өтініш субъектісінің пікірінше, мұндай бас тарту өзінің білікті заң көмегін алуға конституциялық құқығын іске асыруына кедергі келтіреді.
Кодекстің аталған нормаларын тексеру нәтижелері бойынша Конституциялық Сот оларды Конституцияға сәйкес келеді деп белгіледі.
Сонымен қатар, практикада құқық қорғау органдарының лауазымды адамдары адвокаттардың өз қорғауындағы адамның қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттері хаттамаларының көшірмесін алуына бас тартатын жекелеген жағдайлар орын алып жатады.
Конституциялық Сот Кодексте адвокатқа күдіктінің өзінің айғақтары жазылған тергеу әрекеттері (жауап алуды қоса алғанда) хаттамаларының көшірмесін алуға тыйым салатын нормалар жоқ екенін атап өтті. Осыған байланысты қорғалу және білікті заң көмегін алу құқықтарының конституциялық кепілдіктері мәнмәтінінде қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын орган қорғаушының аталған хаттамаларда қамтылған ақпаратты көшіріп алу арқылы тіркеуіне кедергі келтіруге құқылы емес.
Бұдан басқа, күдіктінің құқықтары бөлігінде Кодекстің 64-бабы ережелерінің және қорғаушының (адвокаттың) өкілеттігі бөлігінде 70-бабы ережелерінің сәйкес келмейтіні анықталды, соның салдарынан күдікті өзін қорғауды өз бетінше жүзеге асырған жағдайда оның құқықтарына нұқсан келтірілуі мүмкін.
Конституциялық Сот Кодекс нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалуға және өзінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермейтін түсінікті және негізделген өлшемшарттарға негізделуге тиіс екенін атап өтті.
Конституциялық Сот Үкіметке әркімнің қорғалу және білікті заң көмегін алу құқықтарының конституциялық кепілдіктерін барынша тиімді қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық-процестік заңнаманың тиісті нормаларын жетілдіру мәселесін қарауды ұсынды.
Нормативтік қаулының толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/656392?lang=kk
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -