Оңтүстік Корея Қазақстанға «ақылды фермалар» технологиясын ұсынады
Астанада өткен Қазақстан мен Корея Республикасы президенттерінің кездесуінде Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде корейлік технологияларды пайдаланатын жобаларды жүзеге асыру ұсынылды. Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысты қолдады.
Келіссөздерден кейін өткен қазақ-корей бизнес-форумында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан агроиндустриялық кешенді жоғары технологиялық салаға айналдыруға ниетті екенін мәлімдеді.
«Бүгін келіссөздер барысында Корея Республикасының Президенті Қазақстанға «ақылды ауыл шаруашылығы фермалары» қағидасына негізделген технологияларды беру туралы ұсыныс жасады. Менің ойымша, бұл өте жақсы ұсыныс, біз осы жобаны жүзеге асырумен айналысамыз. Біз Оңтүстік Кореяның жасанды интеллект, робототехника және биотехнологияға негізделген инновациялық ауылшаруашылық технологияларын енгізуге өте мүдделіміз. Біздің фермерлердің, әсіресе, тиімділігі жоғары «ақылды» жылыжайларды салу тәжірибесіне сұранысы жоғары», - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Корея Республикасы Қазақстанның ірі инвестициялық және сауда серіктестерінің бестігіне кіретінін атап өтті. Кореядан тікелей инвестициялар ағыны 10 млрд АҚШ долларына жетті, ал өзара тауар айналымы 6 млрд АҚШ долларын құрайды.
"Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азия өңіріндегі негізгі сауда-экономикалық серіктесі ретіндегі ұстанымын нығайтуға ниетті. Бұл туралы бүгін келіссөздер барысында әңгіме болды. Нақты жоспарлар әзірленді, келісімдерге қол қойылды, бұл екі ел арасындағы көп векторлы ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін беретіні сөзсіз. Бұл әсіресе әлемдік экономиканы түбегейлі қайта құру дәуірінде, Азия құрлығы орнықты даму мен ғылыми-технологиялық прогрестің көшбасшысына айналған кезде өзекті болып отыр. Сарапшылардың болжамы бойынша, ағымдағы жылы Азия әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60% өсімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте "Азия ренессансында" Оңтүстік Корея маңызды рөл атқаратыны сөзсіз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -