Оқу-әдістемелік жиында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жаңа міндеттері айқындалды
ҚР Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлері басшылық құрамының оқу-әдістемелік жиыны Жетісу гарнизонында көшпелі форматта өтті.
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев қызметтік іс-қимылмен, тұрмысты ұйымдастырумен және құрамалар мен әскери бөлімдердің оқу-материалдық базасымен барлық деңгейдегі командирлердің танысуына мүмкіндік беретін регламент ұдайы сақталатынын атап өтті.
Үш күндік жиынға жүз елу офицер мен сержант қатысты. Биылғы жылы теориялық бөлігіне баса назар аударылды. Генерал-майор Алмаз Жұмакеев, бұрынғы Қорғаныс министрі генерал-полковник Әлібек Қасымов, бұрын Қорғаныс министрінің тыл бойынша орынбасары қызметін атқарған генерал-майор Владимир Тузиков және басқалар өткізген сабақтар қазіргі заманғы әскери қақтығыстарды егжей-тегжейлі талдауды ескере отырып дайындалды.
Барлық дәрежедегі командирлерге Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының жауынгерлік және кәсіптік даярлықты, тәрбие және идеологиялық жұмысты жоспарлау мен ұйымдастырудағы, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді есепке алу мен сақтауды ұйымдастырудағы талаптары жеткізілді. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай туындаған кезде командирлер мен жеке құрамның мінез-құлық ережелері мен іс-әрекеттері бойынша сабақтар өтті. Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан әскери қызметшілер өз тәжірибелерімен бөлісті.
Генерал-полковник Әлібек Қасымов Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жақсы жабдықталғанын және әскери қызметшілер орындайтын міндеттердің маңыздылығын атап өтті.
Биыл әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін арттыру бойынша бірқатар маңызды ұйымдық-штаттық іс-шаралар өткізілді. Жауынгерлік бөлімшелердің сандық және сапалық құрамы ұлғайтылды, басқарудың тактикалық буынында барлау бөлімшелері мен байланыс бөлімшелері орналастырылды.
Оқу-әдістемелік жиын барысында ASELSAN түрік компаниясы алтыншы буын жаңа байланыс жабдықтарының тұсаукесері мен әскери сынақтары өтті. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жарақ құрамына қарастырылатын қысқа толқынды және ультра қысқа толқынды диапазондағы жылжымалы радиостанциялардың басты артықшылығы 35 шақырымға дейінгі қашықтыққа жету қиын жерлерден ақпаратты қайта тарату мүмкіндігі. Бұл таулы шатқалдарда радио байланысын орнатуға мүмкіндік береді.
– Жазғы оқу кезеңі айтарлықтай күрделі болмақ. Бұл іс жүзінде біздің ел басшылығы мен Қарулы күштер алдындағы сынақ. Біздің алдымызда әскери-көліктік авиация ұшақтарынан арнайы мақсаттағы парашют жүйелері арқылы әуе десантын, жүктерді байлау және десант түсірудің жаңа әдістерін қолдану, бронды транспортерлерде бөлімшелердің су тосқауылдарын еңсеру бойынша ауқымды міндеттер тұр. Бұл міндеттер он төрт республикалық және халықаралық оқу-жаттығу барысында пысықталатын болады, олардың үшеуі біздің басшылығымызбен елімізде өткізіледі, – деп маусымнан желтоқсанға дейін созылатын жазғы оқу кезеңіне арналған міндеттерді нақтылады генерал-майор Алмаз Жұмакеев.
Қысқы оқу кезеңін қорытындылай келе, генерал-майор Алмаз Жұмакеев бірқатар офицерлер мен сержанттарды алғыс хаттармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Десанттық-шабуылдау бригадаларының ішінде подполковник Алмаз Төлегенов басқаратын 18404 әскери бөлімі, жан-жақты қамтамасыз ету бөлімдері арасында 16194 әскери бөлімі (командир полковник Самат Елубаев) үздік атанды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -