Қобда ауданында салынған жаңа бөгеттер тасқын кезінде үлкен су ағынын ұстап қалды
Биыл Қобда ауылы Сауқайын өзенінің маңындағы бөгеттің құрылысы аяқталды. Осы құрылымның арқасында бұрын қауіпті аймақта болған үйлер мен ауылшаруашылық жерлері тасқын судан аман қалды.
Жергілікті тұрғындар сапалы салынған бөгет көктемгі су тасқынына сәтті төтеп беріп, төтенше жағдайдан сақтап қалғанын айтады.
«Біз биыл ғана салынған жаңа бөгеттің басында тұрмыз. Жұмыстың сапалы орындалғаны бірден көрінеді. Көктемде Сауқайын өзенінен көп су келіп, барлық саласы Қобда өзеніне қарай ақты. Су деңгейінің көтерілгенін көрдік, бірақ бөгет су ағынын сенімді түрде ұстап тұрды. Былтыр аудан әкімдігі құрылысқа ең жақсы орынды таңдау үшін ауылдағы аға буынға, ақсақалдар кеңесіне жүгінді. Талқылаудан кейін олар дәл осы жерде салуды шешті және байқағандарыңыздай бұл дұрыс шешім болды. Бөгет алғашқы ауыр сынақтан өтті, үй-жайымызды болашақта да қорғайтынына сенімдіміз», - дейді Қобда ауылының тұрғыны Есаман Төреев.
Айта кеткен жөн, Қобда ауданында су тасқынының алдын алу үшін ауқымды іс-шаралар жүргізілді. 192000 текше метр су сорылды, 41000 текше метр қар шығарылды, 1000 тонна инертті материалдар жеткізілді және 15000 қап төселді. Жұмыстарға 69 бірлік техника мен 308 адам жұмылдырылды.
Сауқайын өзеніндегі бөгеттен бөлек, «Орал-Ойыл» бағыттаушы бөгеті мен «Батыс» бөгетін салу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, ауданның төрт елді мекенінде жасанды қорғаныс құрылыстары құрылды.
Бұл шаралар су тасқынының жойқын зардаптарын болдырмауға мүмкіндік берді: тұрғын үйлер, инфрақұрылым нысандары және шаруашылық құрылыстары оқыс жағдайдан дін аман қалды. Жергілікті тұрғындар енді су тасқынынан қорықпай көктемді тыныш қарсы ала алатынына сенімді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -