Облыс әкімі мен халықтың кездесуі: «Целиноград ауданының әлеуеті толық пайдаланылмай отыр»
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Целиноград ауданының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелерін талқылады және халықтың өзекті сұрақтарына жауап берді.
Осы жылдың маңызды оқиғаларының бірі - ауданға агломерация мәртебесінің берілуі болды, бұл өңір экономикасына айтарлықтай әсер етеді. Целиноград ауданының 29 елді мекені астаналық агломерация құрамына енді.
Әкім ағымдағы жылы 2024-2028 жылдарға арналған Астана агломерациясын дамытудың кешенді жоспары қабылданғанын атап өтті, оған 300 миллиард теңге сомасына 118 жоба кіреді. Қаражат 12 ауылда жолдарды салуға және күрделі жөндеуге, сондай-ақ су, электр және газбен жабдықтау жүйелерін қайта құруға бағытталатын болады.
Маңызды бағыттардың бірі - инвестициялық жобаларды дамыту. Ауданда 192 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 12 инвестициялық жоба іске асырылуда. Жүзеге асырылған тоғыз жобаның ішінде 1500 басқа арналған сүт-тауарлы ферма мен 1300 басқа арналған сиыр қорасын салуды ерекше атап өткен жөн, олар 130 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Өнеркәсіп өндірісі саласында Марат Ахметжанов халық тұтынатын тауарлар өндіру кластерін құру қажеттігін атап өтті. Бұл шығарылатын өнім көлемін ұлғайтып қана қоймай, тұрғындар үшін сапалы тауарлардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әкім ауданның астанаға жақын орналасуының логистикалық артықшылығын атап өтті, себебі елорда үлкен өткізу нарығы болып табылады.
Целиноград ауданының облыстың өнеркәсіптік өнім көлеміне қосқан үлесі 2,7%-ды құрайды. Алайда, әкімнің айтуынша, ауданның кәсіпкерлікті дамыту әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Өңір басшысы аудан әкімдігін бизнесті қолдауға қатысты көзқарастарды өзгертуге және халықты мемлекеттік қолдау шаралары туралы белсендірек ақпараттандыруға шақырды.
Ауданның жетістіктерінің бірі табысты егін жинау науқаны болды. Биыл гектарынан орташа есеппен 13 центнерден астам өнім алынды, ал жиналған астықтың жалпы көлемі шамамен 300 мың тоннаны құрады. Астықтың 60%-дан астамы үшінші класқа жатады, бұл егін сапасының жоғары болғанын көрсетеді. Осы нәтижелер - мемлекеттік қолдаудың, соның ішінде жеңілдетілген несие беру және форвардтық сатып алу бағдарламаларының жемісі.
Марат Ахметжанов ауданның туризмін дамыту қажеттілігіне де назар аударды, аудан астаналық туризм аймағына кіреді. Өңір басшысы аудан әкімдігіне осы секторға және «демалыс күндері туризміне» инвестиция тарту жұмысын белсенді жүргізуді тапсырып, ауданның бұл салада үлкен болашағы бар екенін тілге тиек етті.
Әлеуметтік саладағы негізгі жобалардың бірі – «Жайлы мектеп» бағдарламасы. Осы бастама аясында 2024 жылы 9200 орындық жеті жаңа мектеп ашу жоспарланған, оның төртеуі Талапкер, Қараөткел және Ақмол ауылдарында пайдалануға берілді. Қалған үш мектепті жыл соңына дейін ашу жоспарлануда.
Инфрақұрылымды дамыту мәселелері де басты назарда болды. Жолдарды жөндеу және салу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. «Ақмол-Нұресіл-Талапкер» және «Нұресіл-Жаңаесіл» жолдарын реконструкциялау жобалары әзірленуде, сондай-ақ жеті ауылда көше-жол желісін салу, 20 жол учаскесін және бір көпірді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Дегенмен, әкімнің айтуынша, ауданда аяқталмаған және созылып кеткен жобалар да бар. Осыған байланысты ол аудан әкімдігіне бюджетті жоспарлауды жақсартуды және қаражатты тиімді пайдалануды тапсырды.
Халықпен кездесуден кейін өңір басшысы азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындар 100-ге жуық сұрақ көтерді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -