Облыс әкімінің орынбасары Халықаралық олимпиаданың қола жүлдегерімен кездесті
Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы Диас Сүлейменов халықаралық олимпиаданың қола жүлдегері атанды.
Кеше Диас Сүлейменов пен оның ата-анасы облыс әкімдігіне шақырылды. Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов әлемдік деңгейдегі жоғары көрсеткіші үшін Диасқа облыс әкімінің атынан алғыс хат пен ақшалай сертификат табыстады. Ата-анасы да баласына жақсы тәрбие беріп, үлгі болып, көрсеткен қолдауы мен лайықты білім бергені үшін алғыс хатпен марапатталды.
Айтып өтейік, 6-14 шілде аралығында Астанада IBO-2024 биология бойынша 35-ші Халықаралық олимпиада өтті. Қазақстан астанасы 81 елден 305 оқушыны қабылдады.
Олимпиада барысында бір апта бойы қатысушылар биохимия, молекулярлық биология, биоинформатика және жан-жануарлардың анатомиясы мен физиологиясы бойынша екі теориялық және төрт практикалық турларда сынға түсті. Барлық тапсырманы Қазақстанның жас биологтары әзірледі.
Білім додасының қорытындысы бойынша 173 марапат берілді, оның ішінде 87 – қола, 56 – күміс және 30 – алтын медаль. Қазақстан құрама командасы IBO-2024 олимпиадасында 100% медаль көрсеткішіне қол жеткізіп, төрт қола медальді қанжығалады. Олардың бірі Қазақстан құрамасының мүшесі - Диас Сүлейменов халықаралық дәрежеде қола медаль иегері атанды. Ол сондай-ақ, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері.
Олимпиаданың жабылу рәсімінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, елшіліктер мен жоғарғы оқу орындарының, ғылыми институттардың өкілдері, IBO халықаралық комитетінің төрағасы Ленка Либусова қатысқан еді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -