Облыс әкімі Семейдегі құрылыс барысын тексерді
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев қаладағы нысандарды кезекті мәрте аралап, құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.
Алдымен жөндеу жүргізіліп жатқан ЦТП-66-ға барды. Жоба шеңберінде ұзындығы 1,9 шақырым кварталішілік жылу желісін қайта жаңғырту және орталық жылу пункті ғимаратына жылу-механикалық құрылғына орнату жүргізілуде. Қазіргі таңда жылу желісінің 80%-ы бөлшектеліп, 760 метр төселді. Қайта жаңғырту жұмысы кестеге сәйкес орындалуда.
Семейде 52 төсек орынға есептелген облыстық аурухана базасындағы балалар бөлімшесінің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс алаңы 1 420 шаршы метрді құраса, жалпы ауданы – 2 216 шаршы метр. Ғимараттың көлемі 10 880 текше метрге жетеді. Жаңа балалар бөлімшесінде қуаты 1,5 тонна магнитті-резонанстық томограф, рентгендік диагностикалық аппарат және оңалту жабдығы орнатылады. Нысанның құрылысын «СемKZ» ЖШС жүргізеді.
Биыл Бейбітшілік аралында ауқымды жұмыстар басталды. Негізгі міндеттердің бірі – балалар теміржолын қалпына келтіру. Жоба жаздың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
«Біз жайлы және қауіпсіз орта құру арқылы, әрбір тұрғынның өмір сүру жағдайын жақсартуға тырысамыз. Барлық іс-шаралар менің бақылауымда. Мен жұмыстардың жоспарға сәйкес орындалып жатқанына көз жеткізу үшін үнемі тексеріп отырамын. Қаламыздың заманға сай дамуы маңызды», - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі барлық тиісті бөлімдер мен мердігерлерге жұмыс қарқынын жеделдетіп, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -