Облыста кемпингтер желісі кеңейтілмек
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен аппарат отырысында өңірде жол бойындағы сервисті дамыту мәселелері қаралды.
Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың айтуынша, облыста жол бойында қызмет көрсететін 116 обьект бар. Оның 5-і — барлық ұлттық стандарттарға сәйкес келетін А санатындағы көп функционалды кешен және 4-еуі — кең ауқымды қызмет көрсететін В санатындағы нысан.
Қалған С санатындағы 61 нысан және Д санатындағы 46 нысан бөлшек сауда және жанармай құю станциялары ретінде жұмыс істейді.
Жол бойында қызмет көрсетететін нысандардың көбі (74 нысан) Самара-Шымкент тас жолының бойында Қызылорда облысы шекарасына дейін орналасқан.
Тағы 18 кемпинг Мәртөк ауданындағы тас жолдың бойында, 8 кешен Орск тас жолының бойында, 7-і Қарабұтақ-Қостанай тас жолында, 5-і Ақтөбе-Атырау тас жолының бойында орналасқан.
2024 жылы 1,3 млрд теңгеге тағы 6 жаңа нысан ашылады. Ал 2026 жылға дейін облыста жол бойындағы сервисті дамыту бойынша 22 жоба іске қосу жоспарланып отыр.
«Аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, «ҚазАвтоЖол» компаниясымен арадағы келісім бойынша бес жер учаскесі кәсіпкерлерге кемпингтер мен жанар-жағармай құю бекеттерін салу үшін берілді. Олар Алға ауданы Бестамақ ауылы, Мұғалжар ауданы Сағашилі ауылы және Ырғыз ауылының маңында салынатын болады», — деді Алмас Салықбаев.
Өңірге автотуристер мен саяхатшыларды тарту үшін инфрақұрылым салу, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін насихаттау мәселелері қарастырылып жатыр. Сонымен қатар барлық жаңа нысандарда «Visit Aktobe» ақпараттық пункттерін ашу ұсынылып отыр, ол арқылы туристер өңіріміздегі көрікті жерлер, ұлттық дәстүрлеріміз бен мәдениетіміз туралы ақпарат алып, облыста өтіп жатқан іс-шаралар мен экскурсиялар туралы білетін болады.
Аталған бағытта атқырылып жатқан істер туралы толық ақпарат алған облыс әкімі жол бойында орналасқан нысандарды күтіп ұстау және оларға кіретін жолдарды жақсарту мақсатында жол картасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ Асхат Шахаров саяхатшыларға кең ауқымды қызмет көрсететін А санатындағы кемпингтердің санын көбейту қажеттілігіне тоқталды.
«Автокөлікпен саяхаттаған кезде туристер жатын орны ыңғайлы, жақсы тамақтана алатын және автокөлік қызметі бар жерлерге аялдағысы келеді. Міне, туристерге облыс аумағында осындай жағдай жасауымыз керек. Жол бойындағы қызмет көрсету саласын дамытуға тек кәсіпкерлерді ғана емес, жергілікті тұрғындарды да тартса жақсы болар еді. Оларға «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлерді қолдау палатасы мен кәсіпкерлік бөлімдері мамандары кеңес беріп, қолдау көрсетеді. Сервистің аясын кеңейту өңірдегі автотуризмді дамытудың драйверіне айналады», — деп түйіндеді сөзін әкім.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -