Облысымызда Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өтті
Бұл жолғы сессия «Бірлік, Жасампаздық, Өрлеу» деген атпен өтті. Сессия жұмысына ҚХА мүшелері, қоғамдық институттардың, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, Ақсақалдар кеңесінің, Аналар кеңесінің, Ардагерлер кеңесінің мүшелері және т.б. қатысты.
Сессия қазақ тілін дәріптеу, мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру және елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріне арналды.
Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қозғаушы күші ретіндегі маңызды рөлін атап өтті.
«Ассамблеяның ел бірлігін нығайтуда алар орны мен қосар үлесі көп екені белгілі. Қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың кепілі болған саяси институттың әлі де талай игі істің бастамашысы болатынына сенімдімін. Өз кезегінде ассамблеяға мүше этномәдени орталықтар, қоғамдық институттар түрлі мәдени іс-шараларға мұрындық болып қана қоймай, волонтерлік және қайырымдылық шараларға ұйытқы болуда», - деді Нұрлан Ұранхаев.
Достық үйлері Ассамблеяның маңызды бастамаларын іске асыру үшін жалпыұлттық интеграцияның қажетті алаңы және сенімді базасы бола білді. Облыста осындай бес Достық үйі, қалалар мен аудандарда ҚХА-ның көптеген қоғамдық институттары жұмыс істейді. Жыл басынан бері олардың бастамасымен 60 мыңнан аса адамды қамтыған 500-ден астам әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар өтті.
Биыл ішкі саясат басқармасының қолдауымен этномедиация орталығы мен «Жомарт Жан» орталығы өз жұмыстарын бастады. Бұл жаңа алаңдар жобаларды іске асыруға және қоғамды ынталандыруға ықпал етеді. «Мың бала» республикалық жобасы аясында өңірдегі әртүрлі этностың 12 өкілі қатысатын «Ел тірегі – тіл» облыстық байқауы өтуде.
Сессия барысында қазақ тілінің маңыздылығы туралы Виктория Мокроусова сөз сөйледі. Ол қазақ тілін білмейтін қазақстандықтарды мемлекеттік тілдің дамуына өз үлестерін қосуға шақырды.
«Мен орыс отбасында дүниеге келдім, орыс мектебінде білім алдым. Бірақ өз болашағымды қазақ тілімен байланыстырдым. Бүгінгі күні Бородулиха ауданының Абай атындағы негізгі орта мектебінде қазақ тілі пәнінен сабақ беремін. Мемлекеттік тілді білу – әрбір қазақстандықтың парызы. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек. Ниет болса, тілді үйрену қиын емес» - деді ол.
Сессия аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа мүшелеріне куәліктер мен төсбелгілер табысталды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -