Олимпиада ойындарында жамбылдық спортшыларға 4 рет көк Туымызды ұстап шығу міндеті жүктелді
Төрткүл дүние көз тіккен Париж Олимпиадасы басталды. Биыл айтулы додада 80 спортшы ел намысын қорғайды.
Олардың қатарында Асланбек Шымбергенов (бокс), Елдос Сметов пен Данияр Шамшаев (дзюдо), Әлішер Ерғали (еркін күрес) және Георгий Борода-Дудочкин (қазіргі бессайыс) сынды өңір абыройын асқақтатып жүрген спортшылар бар.
Ал, XVIІ жазғы Паралимпиада ойындарына Нұрдаулет Жұмағали мен Зульфия Габидуллина (пара жүзу), Өмірәлі Нышан (пара таеквондо) және Салтанат Әбілхасымқызы (пара жеңіл атлетика) жолдама алды.
Айта кетейік, Қазақстан дербес мемлекет ретінде 1996 жылғы Атлантада өткен олимпиада ойындарына алғаш қосылды. Содан бері жамбылдық спортшылар төртжылдықтың басты додасында үздіксіз өнер көрсетуде.
Облыс қоржынында Олимпиада ойындарының 10 жүлдесі бар. Оның екеуі алтын, төртеуі күміс, төртеуі қола.
Биыл Париж Олимпиадасының салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің көк байрағын ұстап шығу құрметі жерлесіміз, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Асланбек Шымбергеновке сеніп тапсырылды.
Асланбек – жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің делегациясын бастап, ту ұстап шығатын жамбылдық үшінші спортшы. Бұған дейін көк байрағымызды 2 рет жамбылдық былғары қолғап шебері Ермахан Ибраимов (Атланта – 1996 ж. Сидней – 2000 ж.) және таеквондодан Руслан Жапаров (Рио-де-Жанейро – 2016 ж.) ұстаған болатын.
Байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын барлық спортшыларға сәттілік тілейміз!
Париж төрінде көк байрағымыз желбіреп, ән ұранымыз шырқалсын!
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -