Олжас Бектенов Көкшетауда қазандықтарды жаңғыртуға бөлінген 816 млн теңгені игеру бойынша жұмыс жоспарларын тыңдады
Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында жылыту маусымына дайындық жоспарымен және инженерлік құрылыстардың, атап айтқанда, Көкшетау қаласының №2 аудандық қазандығының жай-күйімен танысты.
Премьер-Министрге Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса энергетика кешені инфрақұрылымының жағдайы туралы баяндады. Қазіргі таңда қаладағы жылу желілерінің тозу деңгейі 43%-ды құрайды. Жылыту маусымына дайындық аясында 6 км коммуникацияны жөндеу жоспарланған, бұл жыл қорытындысы бойынша көрсеткішті 41%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Қаланы «Көкшетау Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жылумен қамтамасыз етіп отыр. Ұйым балансында 4 қазандық бар.
Биыл Үкімет қаулысына сәйкес, екі жылу көзін – №1 және №2 аудандық қазандықтарды жөндеуге резервтен 816 млн теңге бөлінді. Жазғы уақытта нысандарда қазандық агрегаттарының, конвективтік бөлік пакеттерінің, қыздыру беттерінің және шикі көмір бункерлерінің ақауларын жою жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Олжас Бектенов №2 қазандықтың жағдайын тексерді. Нысан 1998 жылы пайдалануға берілген, қазіргі уақытта 56 мың абонентті жылумен қамтамасыз етіп отыр. Қазандықтың өндірістік шекті қуаты сағатына 300 Гкал-ға жетеді. Жөндеу жұмыстарын жүргізу апаттық жағдайды азайтуға және жылыту маусымында халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Осыған дейін атап өткенімдей, қыстың көзі қырауда қиындықты болдырмау үшін жаз айларында барлық күш-жігерді жұмсау керек. Мемлекет басшысы коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сапалы әрі үздіксіз жылу беруді қамтамасыз ету – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Қаражат бөлінді. Жүктелген жұмысқа барынша жауапкершілікпен қарау керек. Біз өткен тәжірибені ескеріп, жіберілген қателіктерден сабақ алып, ерте бастан белсенді әрекет етуіміз керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бүгінде Көкшетауда қаланың жылу және электр энергиясына деген өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ететін ЖЭО салу жобасы пысықталып жатыр. Оның жылу қуаты сағатына 520 Гкал, электр қуаты 240 МВт-ты құрайтын болады деп жоспарланып отыр.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -