Омбудсмен Артур Ластаев дипломатиялық корпус пен Еуропа кеңесінің өкілдерімен кездесті
2025 жылы 23 қаңтарда Страсбургте Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев дипломатиялық корпус пен Еуропа Кеңесі өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара барысында Қазақстанның адам құқықтарын қорғау саласындағы негізгі жетістіктері, сондай-ақ ұлттық құқық қорғау институты жұмысының негізгі бағыттары таныстырылды.
Дөңгелек үстелде Артур Ластаев азаматтардың Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты туралы хабардарлығы артқанын атап өтті. Мұны спикер түскен өтініштердің саны өскенін айтып, растады. Мысалы 2024 жылы өтініштердің саны – 6748-ге жеткен. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 17%-ға артық. 2023 жылы түскен өтініштерді қарау нәтижесінде 282 тұлға жауапкершілікке тартылып, 20 қылмыстық іс тіркелген. Сондай-ақ 902 азаматтың құқығы қайта қорғалған. Ал 2024 жылы 102 тұлға жауапкершілікке тартылып, 4 қылмыстық іс тіркелді.
Брифингте негізгі талқыланған тақырыптардың бірі – азаптау, зәбір көрсету сияқты заңсыздықпен күрес болды.
Омбудсмен А.Ластаев бұл мәселе өз кеңсесінің назарында болатынын атап өтті.
Ол 2023 жылы болған оқиғаны мысал ретінде келтірді. Есте болса, сол кез түзету мекемесінде азаптау фактілері көрсетілген видео жарияланғаннан кейін Ұлттық алдын алу механизмі тобы мен Омбудсменнің жергілікті өкілі жедел түрде оқиға орнына барған болатын. Қазір бұл істі алқабилер алқасы қарап жатыр. Түзеу мекемесінің 12 қызметкеріне 41 сотталушыға азаптау әдісін қолданды деген айып тағылып отыр.
Дөңгелек үстел барысында Уәкіл кеңсе қызметінің басқа да бағыттары, оның ішінде білім беру іс-шараларын ұйымдастыру, адам құқықтарын қорғауды жақсартуға бағытталған заңнамалық бастамаларды әзірлеу және ғылыми зерттеулер жүргізу туралы айтты. Атап айтқанда, Құқықтық тәрбие беру бағытында жүйелі, ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Былтырдың өзінде осындай іс-шараларға 660 мыңнан астам отандасымыз қатысыпты.
Кездесу қорытындысында Артур Ластаев азаматтық қоғаммен, халықаралық серіктестермен және құқық қорғау ұйымдарымен өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
«Адам құқықтарын қорғау және ілгерілету, азаматтық қоғам мен үкімет арасындағы диалогты жеңілдету, құқық қорғау ұйымдарын қолдау біздің басымдықтарымыз болды. Әрі осы басымдықты ұстана да береміз. Бірлескен күш-жігер арқылы біз салада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенеміз»,– деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.
Дөңгелек үстел отырысы Қазақстан мен халықаралық ұйымдардың адам құқықтары саласындағы ынтымақтастығын нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Еуропалық тарап елдегі адам құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту және заң үстемдігін қамтамасыз ету құралдарын жетілдіру бойынша одан әрі ынтымақтастыққа мүдделі екенін жеткізді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -