Омбудсмен кеңсесінде өңірлердегі өкілдердің жұмысы қорытындыланды
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кеңсесінде өңірлердегі өкілдердің 2024 жылдың басынан бергі жұмысы қорытындыланды. Жиынды Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінің басшысы Салтанат Тұрсынбекова жүргізді.
Кеңес барысында Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық пен Уәкілдің өкілдерінің жұмысы қорытындыланып, құқық қорғау қызметінде туындайтын проблемалық мәселелер талқыланды.
Кездесуде айтылған деректер, жыл басынан бері Уәкіл мен оның өкілдерінің атына 1475 шағым түскенін көрсетті, бұл өткен жылдың 3 айымен салыстырғанда 17%-ға көп. Қабылданған 245 арыз бойынша азаматтардың мәселесі толықтай шешілсе, 700 арыз бойынша түсініктемелер берілген.
Талдау қорытындысы бойынша азаматтар көбіне мемлекеттік органдардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне шағымданған. Осыған орай, өкілдерге азаматтардың өтініштеріне жан-жақты, уақытылы жауап беру үшін уәкілетті мемлекеттік органдармен бірге қабылдаулар өткізу ұсынылды.
Сонымен қатар жиында азаптау мен қатыгездіктің алдын алудағы кездесетін мәселелер қозғалды.
Ұлттық алдын алу тетігі және Уәкілдің жергілікті өкілдері қызметінің тиімді жұмыс жасауы – түрмедегі адамдардың құқықтарын қорғауға тікелей әсер етеді. Сондықтан да әрбір жабық мекемеге барғандағы өкілдердің берген ұсынымдарын уәкілетті мемлекеттік органдардың дер кезінде, әрі сапалы орындауы осы алдын алу жұмыстарының нәтижелігін көрсетеді.
Ағымдағы кезеңде уәкілетті мекемелерде анықталған құқық бұзушылықтар бойынша мемлекеттік органдарға 215 ұсыныс жолданып, олар бойынша 51 лауазымды тұлға тәртіптік, 5-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ұлттық орталық басшысы Салтанат Тұрсынбекова Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері институтын құрудың ұйымдастыру кезеңі аяқталғанын баса атап өтті.
«Бірінші кезекте алдымызға қойылған міндеттерді дұрыс және дер кезінде анықтайтын кез келді. Сіздерден атқарылған жұмыстың тек сандық көрсеткіштерін емес, азаматтардың нақты проблемаларын шешуді талап етеміз. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдардың тиісті басқармаларымен және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды күшейтуді, жүйелік құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша тұрақты талдау жүргізуді сұраймын. Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және қоғамдық пікір көшбасшыларымен белсенді түрде жұмыс жасау керек», - деді ол.
Кездесу барысында Орталық басшысы құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтуге де назар аударды.
Ағымдағы жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі халықты ақпараттандыру және құқықтық ағарту бойынша ауқымды науқан аясында өңірлерде бірқатар іс-шараларды өткізуді жоспарлауда.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -