Қорғаныс министрлігінің командасы шағын футболдан өткен астаналық турнирдің жеңімпазы атанды
ҚР Қорғаныс министрлігінің «Намыс» командасы шағын футболдан елорданың әуесқой командалары арасында өткен «Astana Futbol Ligasy» турнирінің чемпионы атанды.
«Намыс» командасының негізін Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері құрайды. Қорғаныс ведомствосының футболшылары осыған дейін де Астанада өткен көптеген турнирлерге қатысып, бірнеше рет «Astana Futbol Ligasy» чемпионы және Қазақстан халқы Ассамблеясы кубогының үш дүркін чемпионы, мемлекеттік органдар арасында ұйымдастырылатын «ҚызметКап» кубогының күміс жүлдегері атанып үлгерген.
2 айға созылған маусым 28 шілдеде аяқталды. Футбол аламанында
ҚР ҚМ спортшылары өздерінің нағыз жауынгерлік рухын көрсете білді. Бірде-бір рет жеңілістің ащы дәмін сезбеген команда 3 тең ойын өткізді. Турнирлік кестеде қарсыластарының қақпасына ең көп доп салып, есесіне ең аз гол жіберді.
ҚР ҚМ Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов қорғаныс ведомствосында әскери ұжымдарда спортты дамытуға үлкен мән берілетінін, әскери бөлімдерде сапалы материалдық спорттық база бар екенін атап өтті.
– Біз командамыздың турнирдегі жеңісіне шын қуаныштымыз, – деді полковник Арман Әбеуов. – Футбол – ұжымдық ойын, жасыл алаңда әскери қызметшілердің спорттық шеберлігі шыңдалып қана қоймай, команда мүшелерінің өзара түсінісуі де нығая түседі.
Финалға шыққан топтарға кубоктар, дипломдар мен естелік медальдар табысталды. Жалпы, жоғары деңгейде өткен біріншілікте футболшылар әдемі ойын өрнегін көрсетті. Маусым бойы команда бірлігі бекем ұжым ретінде танылса, жігіттер қол жеткізген жеңісті сәттер жанкүйер жұрттың жадында жағымды естелікке айналды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -