Орталық спорт клубы дзюдодан ашық турнирде Қорғаныс министрінің кубогын жеңіп алды
Алматыда Орталық спорт клубында Қазақстан Қорғаныс министрінің кубогы үшін дзюдодан үшінші рет өткен ашық турнир аяқталды.
Жарысқа еліміздің өңірлері, Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубы, ҰҚК Шекара қызметі және Ұлттық ұланның атынан қатысқан он команда құрамында 129 спортшы қатысты.
Татамидегі тартыстар 60, 66, 73, 81, 90 және 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өтті. Екі күндік жарыс қорытындысы бойынша Орталық спорт клубының құрама командасы төрт алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алды.
Турнирдің чемпиондары мен жүлдегерлерін ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары полковник Еркебұлан Түсіпханов құттықтады. Ол жарысқа қатысушыларға мақсатқа жету жолында табандылық пен жаңа табыстар тіледі.
Жалпы командалық есепте Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының командасы жеңімпаз атанды. Ал екінші орынды Ұлттық ұланның дзюдошылары, үшінші орынды Алматы облысының спортшылары иеленді.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жеке біріншілікте Ұлан Бижанов (ОСК), 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бауыржан Нарбаев (Ұлттық ұлан), 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ержан Кеңесхан (Алматы облысы), 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Асқар Нарқұлов (ОСК), 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Руслан Мұсаев (Маңғыстау облысы), 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Құдырет Досымов (ОСК) және 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Әділ Оразбаев (ОСК) жеңімпаз атанды.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасын жасақтауға үміткерлер анықталды.
Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жарысты ұйымдастыруға және өткізуге тікелей көмек көрсеткен төрешілерге алғыс хаттар табысталды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -