Павлодар облысында Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар басталды
Бүгін Павлодарда есімі әлемге әйгілі геолог-ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын мерекелеу қарсаңында ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Қазақ Ғылым академиясының негізін қалаушы атақты жерлесімізге құрмет көрсетуге облыс әкімі Асайын Байханов, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ардагерлер мен жастар жиналды.
Гүл шоқтарын қою рәсімі аяқталғаннан кейін ғалымның мерейтойына орайластырылған іс-шаралар «Академик Қ. И. Сәтбаев феномені: кеше мен бүгін» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен жалғасты. Қатысушылар ұлы ғалымның мұрасын, сондай-ақ, қазіргі қазақстандық ғылымның жетістіктері мен даму перспективаларын талқылады.
Іс-шараға ғылым және жоғары білім вице-министрі, техника ғылымдарының докторы, профессор Дархан Ахмед-Заки, химия ғылымдарының докторы, Қ. Сәтбаевтың немересі Әлима Жармағамбетова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Қ. И. Сәтбаев халықаралық қоры» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы және т. б. қатысты. Конференция барысында жас ғалымдар, «Қаныш ізбасарлары» ғылыми жұмыстар байқауының жеңімпаздары марапатталып, гранттар табысталды.
Мерекелік іс-шаралар Қаныш Сәтбаевтың туған жері Баянауыл ауданында жалғасады. Онда 16-17 тамыз күндері республикалық айтыс, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар, қолөнершілер мен суретшілер көрмелері, концерт және т. б. өтеді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметіСуреттерді түсірген Валерий Бугаев
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -