Павлодарда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлерін марапаттады
Облыс әкімі V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесті. Астана қаласында өткен көшпелі мәдениеттің айтулы мерекесіне 89 елден 2500 спортшы қатысты. Біздің еліміздің намысын 21 спорт түрінен 172-ден астам спортшы қорғады.
Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарының жалпыкомандалық есебінде Қазақстан бірінші орынға тұрақтады. Еліміздің медальдар жиынтығының жалпы қоржынына 5 спорт түрінен облысымыздың 9 спортшысы жүлде салды: асық ату, бәйге, кураш, овари, аба.
Командалық асық атудан алтын медальды Екібастұз қаласынан Жомарт Нұрланов пен Тереңкөл ауданынан Керім Жаздықбай қоржынға салды. Ал, 2500 м бәйгеден 1 орынды павлодарлық шабандоз Асланбек Байкенов жеңіп алды (жылқы иесі Бақтияр Байзақов).
Облыс әкімі олардың әрқайсысын тамашалап, жанкүйер болғанын атап өтті.
- Спортшының әрбір жеңісінің артында үлкен еңбек пен төзімділік жатыр. Жаттықтырушыларға қажырлы еңбектері үшін алғысымды айтамын, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Өңір басшысы спортшылар мен жаттықтырушыларға сәтті өнер көрсеткендері үшін алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табыстады.
Өз кезегінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері Серік Ақтаев пен «Павлодар облысының тоғызқұмалақ зияткерлік федерациясы» ҚБ атқарушы директоры Арыстан Қапаев облыс әкіміне жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметіСуреттерді түсірген Валерий Бугаев
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -