Өңір аграршылары егін жинау науқанының барысын талқылады
Бүгін Ақмола облысының аграршылары бейнеконференц байланыс режимінде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновпен кездесуге қатысып, егін жинау науқаны мәселелерін талқылады.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Аймақ басшысының айтуынша, облыста жаппай егін жинау науқаны жүруде. Бастырылған астық көлемі – шамамен 4 млн. тонна, астықтың орташа өнімділігі – 13 ц/га. Биыл өңір шаруалары минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемін және элиталық тұқымдармен себу үлесін екі есе арттырды, бұл жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға ықпал етті.
«Соңғы үш айда жеңілдетілген лизинг аясында 245 техника сатып алынғанын атап өткім келеді. Күзгі дала жұмыстарына фермерлерге 80 мың тоннадан астам жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Егінді сақтау үшін жалпы сақтау сыйымдылығы 7,2 млн.тоннаны құрайтын 66 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары мен астық қоймалары жұмылдырылды. Көктемгі егін жинау жұмыстарында «Кең Дала» және «Кең Дала 2» бағдарламалары аясында жеңілдетілген несиелеу облыстың 563 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісіне айтарлықтай қолдау көрсетті. Бұдан басқа, Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 11 млрд. теңгені қорландыру есебінен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жеңілдікпен несие беру арналары кеңейтілді», - деп атап өтті облыс әкімі.
Айта кетсек, осы жылы облыста 5,4 млн. га алқапта егіс жүргізілді, оның ішінде дәнді дақылдар – 4,7 млн. га, майлы дақылдар – 269 мың га, жемшөп – 421 мың га, картоп – 7,8 мың га және көкөністер - 1,4 мың га.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -