Өңір басшысы полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады
Қазақстанда 23 маусым - Полиция күні. Мереке қарсаңында Полиция департаментінің алдындағы алаңда салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Облыс әкімі Асхат Шахаров полицейлерді келе жатқан мерекемен құттықтап, олардың мамандық алдындағы абыройлы қызметі үшін алғыс білдірді.
«Полицияда қызмет ету – әрбір азамат үшін үлкен мәртебе. Сіздер қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, өз міндеттеріңізді орындап келесіздер. Жұмыс оңай емес, баршаңызға сәттілік тілеймін. Су тасқыны кезінде полицейлер халықты эвакуациялауға көмектесіп, тұрғындардың көшуі кезінде тәртіпті қамтамасыз етті, азаматтардың мүлкін қорғады.
Полицейлердің нәтижелі жұмысының арқасында өңірде қылмыстың жалпы өсімі 6,3%-ға төмендеді. Өңір полициясының материалдық-техникалық жарақтандырылуын жақсарту үшін бюджеттен 24 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатқа қызметтік автомобильдер сатып алынады, Ақтөбеде жедел басқару орталығы салынады, қосымша бейнебақылау камералары, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін тіркейтін стационарлық кешендер орнатылады және басқа да шаралар қамтылады.
Сондай-ақ, жас кадрларға қолдау білдіріп, үлгі көрсететін Ішкі істер органдарының ардагерлеріне алғысымды білдіремін. Азаматтардың қауіпсіз болашағы үшін өз өмірін қиған батыр-полицейлердің жақындарына ризашылығымды білдіремін», - деді облыс әкімі.
Өңір басшысы Асхат Шахаров облыстық ПД бастығы Абай Жүсіповпен бірге қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдарының қызметкерлеріне арнап монументке гүл шоқтарын қойды. Шеруге жиналған полиция департаментінің жеке құрамы әріптес батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Сонымен қатар, қызметте ерекше көзге түскен тәртіп сақшылары облыс әкімінің Алғыс хаттарын және ІІМ мен ПД наградаларын иеленді. Ал жаңадан жұмысқа қосылған полиция қызметкерлері ант қабылдады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -