ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ұлытау облысына келді
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Ұлытау облысына келді. Жұмыс сапарының аясында халықпен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Кездесуге қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиынға қатысушылар өңірдегі экология мәселесін көтерді.
Кездесуден кейін Экология және табиғи ресурстар министрі мен Ұлытау облысының әкімі Жезқазған мыс қорыту зауытында болып, күкірт қышқыл цехын жаңғырту үшін қолға алынған жобамен танысты. Ол ауаға таралатын залалды қышқылдың көлемін азайтуға ықпал етпек.
Келесі кезекте министр Ұлытау облысының орталығындағы ботаникалық бақтың жайын бақылады. Бақылау барысында аумағы 70 га-ға жуық орынды тиімді пайдалану, жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру жолдары талқыланды. Мақсат – облыс орталығын көгалдандыру жобасын қолға алу.
Жұмыс сапарының соңында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков аталған салада жұмыс атқаратын мекемелер мен ұйымдардың өкілдеріне жиын өткізді.
Кездесу барысында өңір басшысы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясының облыста жалғасып жатқанын және келер жылы облыстың абаттандырылу мен көгалдандырылуына арналатын жобаларға басымдық берілетінін жеткізді.
Экология және табиғи ресурстар министрі өз кезегінде полигондардың жұмысын реттеу, өндіріс орындарындағы зиянды қалдықтардың ауаға таралуымен күресу, контейнерлер мен техникалар санын көбейту және Жезқазғанда жасыл белдеу қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ұлытау облысының әкімдігі арасында өңірдегі экологиялық ахуалды қалыпқа келтіру үшін Жол картасы әзірленіп, бекітілді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -