Ресми ақпарат (Сарысу ауданындағы жағдай бойынша)
Ағымдағы жылдың 7 шілдесі сағат 17:20 шамасында Сарысу ауданында қатты жауын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, тау бөктерінде орналасқан 200-ден астам үйдің ауласы мен 21 үйдің ішін су алды.
Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов шұғыл аттанды.
Сондай-ақ ауданда жел әсерінен бірнеше мәрте жарық сөніп, қайта жанды. Бұдан бөлек, Байқадам ауылдық округі Саудакент ауылындағы 5 көшеде жарық өшкен. Қазір жарықты қосу бойынша жұмыстар атқарылуда.
Қазіргі таңда тұрғындарға көмектесу және су айдау жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін жергілікті атқарушы органнан және төтенше жағдай департаментінен барлығы 50-ден астам адам, 17 бірлік техника жұмылдырылып, 11 мотопомпа және дрон қолданылуда.
«Жаңатас-Саудакент» тас жолы су басу қаупіне байланысты жабылды. Саудакент елді мекенінде арнайы техникалардың көмегімен бұрылыстағы суды тоқтату, бағытын бұру жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, қазіргі таңда су деңгейі төмендеді. Адам, мал шығыны жоқ.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -