Салт-дәстүр мен робототехника: Астанада оқушыларды жан-жақты дамытатын лагерь жұмыс істейді
Астанадағы М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназия жанында балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында жазғы «Сарыжайлау» этнолагері жұмыс істеп жатыр. Лагерь жұмысы 1 маусымда басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Этнолагерді ұйымдастырудағы мақсат – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлға тәрбиелеу. Қазіргі екінші кезеңде оқушылар демалумен қатар ұлттық дәстүрлерімізді танып, біліп, меңгеруде.
«Тілімізді, дінімізді, өнерімізді оқушылар бала күнінен бастап бойына сіңіру керек. Сонда біз нағыз қазақты, ұлтжанды азаматты, ұлтты көркейтетін қыз бен ұлды тәрбиелейміз деп ойлаймын. Шебер мұғалімдеріміз, әжелер қауымы өскелең ұрпаққа киіз басуды, жүн түтуді, қамшы өруді, басқа да қолөнерді, терімен жұмыс істеуді, ұлттық тағамдарды дайындауды үйретеді», – деді М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназия директоры Гүлмира Оралқызы.
«Сарыжайлау» этнолагерінде бірінші маусымда 300-ге жуық оқушы демалды. Ал қазір жүріп жатқан екінші маусымда 200-ге тарта оқушы қамтылды. Этнолагерге 1-8-сыныптың оқушылары барып жүр. Мектеп ауласына 2 киіз үй тігілген.
Күн тәртібі таңғы бимен басталып, лагерьде демалушылар «Қара жорға» биін билейді. Одан кейін «Салт-дәстүрлерді үйрену», «Қолөнер», «Ұлттық тағамдар», «Қыш өнері» сияқты шеберлік сабақтары өтеді. Бұған қоса, «Ұлттық дәстүрін ұлықтаған ұрпақ» тақырыбында «Әжелер мектебінің» сабақтары, тоғызқұмалақ, бес асық сияқты ұлттық ойындар, робототехника және STEM сабақтары, домбыра мен ән сабақтары ұйымдастырылады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -