Сарыөзек каналынан 520 мыңнан астам балық шабақтары құтқарылды
Атырау облысы Махамбет ауданы Бейбарыс ауылында орналасқан Сарыөзек каналынан 520 мыңнан астам балық шабақтары құтқарылды.
Естеріңізге сала кетейік, көктемгі су тасқыны салдарынан Жайық өзені арнасынан шығып, өзен суы төгілген жерлер арқылы Сарыөзек арнасына түскен болатын. Тасқын сулармен бірге арнаға балық шабақтары түскен. Маусым айында Жайық өзеніндегі су деңгейі тұрақтанды, ал тасқын су төгіліп арнада өскен балық шабақтарымен бірге жиналып қалған.
Қазіргі уақытта арнада жиналған балық шабақтарын сақтап қалу үшін су беру насосы арқылы су жіберілуде және балық шабақтарын құтқару жұмыстары жалғасуда.
Іс-шараға Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, жергілікті атқарушы органдар, балық шаруашылығы субъектілерінің өкілдері, жергілікті тұрғындар, еріктілер және блогерлер қатысуда.
Құтқарылған балық шабақтарының түрлері: сазан, табан, көксерке, жайын, мөңке, орташа салмағы 12-14 грамм.
Айта кетейік, 2024 жылдың маусымынан бастап қазіргі уақытқа дейін Атырау облысының су айдындарында 49 млн. 920 мыңнан астам балық шабақтары, оның ішінде Құрманғазы ауданының аумағында – 39 млн. 900 мың дана, Индер ауданының аумағында – 8 млн. 500 мың дана, Махамбет ауданында – 1 млн. 520 мың дана, Атырау қаласының облыс орталығында - 35,5 мың дана балық шабақтары құтқарылды.
Бөлшектенген су айдындарынан құтқарылған барлық балық шабақтары Жайық өзеніне тірі түрде жіберілуде.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -