Үшаралдағы балаларды оңалту орталығында 35 бала тұрақты ем қабылдауда
Жетісу облысында балаларға арнайы әлеуемттік көмек көрсететін 6 оңалту орталығы бар. Соның бірі Үшарал қаласында орналасқан «Жансая» күндізгі болу орталығында 35 бала тұрақты ем қабылдап жүр, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Орталық ашылғанға дейін Алакөл ауданында мүгедек балаларға арналған мұндай оңалту орталығы болған жоқ. Ата-аналар өз қаражаттарына балаларын Алматы, Астана қалаларына оңалтуға апарып жүрген. «Жансая» орталығы ашылғаннан кейін қазір мәселе жергілікті жерде шешімін тауып, орталық балаларға тегін қызмет көрсетуде.
Орталыққа келуші ата-аналардың бірі, Үшарал қаласының тұрғыны Айгүл Каримова қызы Әминаның осы оңалту орталығынан ем шараларын алып жүргеніне екі жылға жуықтағанын айтады:
- Балам орталыққа алғаш келген кезде жүрмейтін, қазір жүре алады. Мұнда білікті мамандар жұмыс жасайды, олардың қызметтеріне ризамын, алғысым шексіз. Бұл жерде қызым емдік дене шынықтыру, еңбек, музыка сабақтарына қатысады, массаж алады, баламен логопед, психолог, дефектолог мамандар жұмыс істейді. Мұндай кешенді ем шаралары баламның денсаулығына оң әсерін тиігізіп отыр, - дейді А. Каримова.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне қарағанда, әлеуметтік нысанда бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі психоневрологиялық патологиясы бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға бюджет қаражаты есебінен арнаулы қызметтер көрсетіледі.
Мұнда «Имитрон» серуендеу тренажеры, нейро-ортопедиялық оңалтуға арналған комбинезон, қадамдық тренажер, тірек рамасы, физиотерапиялық құралдар сияқты оңалту жабдықтарымен қамтылған.
Еске салсақ, 50 орынға арналған «Жансая» күндізгі болу орталығы Жетісу облысы құрылғаннан кейін 2022 жылдың тамыз айында ашылған болатын. Орталықта 57 адам жұмыс істейді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотомсуреттерді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -