ШЫМКЕНТКЕ 536 МЛРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ
Жыл басынан бері Шымкентке 536 млрд теңге инвестиция тартылды. Өңір экономикасын көтеру және ынталандыру үшін инвесторларға қолайлы жағдай жасау маңызды. Биылдан бастап инвестицияларды тиімді тарту жұмыстарын арттыру мақсатында «Shymkent-Invest» фронт-офисі белсенді жұмыс істеп келеді. Бұл кеңсе инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді. Бүгінге дейін мұнда инвесторларға шамамен 2 мың қызмет түрі ұсынылды, олардың ішінде бизнес-жоспар әзірлеуден бастап, жобаны жүзеге асыруға қажетті рұқсат құжаттарын толық сүйемелдеу бар. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен көшпелі есеп беру кездесуінде айтты.
Мегаполис басшысының айтуынша, көрсетілген қолдаудың арқасында тартылған инвестиция көлемі 536 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға өскен.
«Үкіметтің 2028 жылға дейінгі жоспарында қалаға 5,6 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Бүгінде 2,7 трлн теңгеге 220 инвестициялық жоба тобы құрылып, 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Ауқымды жобалардың бірі – еліміздегі ең ірі жылыжай кешені, оның жалпы аумағы 650 гектарды құрайды. Жобаны түрік инвесторы – «Alarko Holding» компаниясы 650 млн доллар инвестиция салып жүзеге асырады. Бұдан бөлек, Польшаның «Fabe Polska» компаниясымен 150 гектар аумақта жоғары технологиялық жылыжай салу туралы келісім жасалды, жобаның құны 200 млн долларды құрайды. Тағы бір ірі жоба – қуаттылығы 500 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу, оған 700 млн доллар инвестиция салынады. Бұл жоба аясында қала тұрғындары сапалы электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етіледі», – деді Ғ. Сыздықбеков.
Сонымен қатар, әкім биыл Шымкентте белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 136 мыңнан асқанын атап өтті. Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 23,5 млрд теңге қарастырылған. Бұған қоса, қалада алғаш рет шағын және орта кәсіпкерлердің жаңа бастамаларын қолдау мақсатында «шағын өндірістік алаңдар» (индустриялық парк) жобасы іске қосылды. Мұнда кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылымы бар дайын өндірістік алаңдар ұсынылады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -