Әскери үшсайыстан Қарулы күштер чемпионатының қорытындысы шығарылды
Қорғаныс министрлігінің Орталық спорт клубы ұйымдастырған әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша Қарулы күштердің спартакиадасы шеңберінде өткізілген жарыстар Алматы облысы Қонаев қаласының 32363 әскери бөлімінде өтті.
Сайысқа Қарулы күштер түрлерінің, әскер тектерінің, өңірлік қолбасшылықтардың және Қорғаныс министрлігіне қарайтын әскери оқу орындарының атынан 11 команда құрамында 30-дан ас армия спортшысы қатысты.
Үш күн ішінде әскери қызметшілер АК-74 автоматынан дәлдеп атудан, Ф-1 гранатасын алыс қашықтыққа лақтырудан және кедергілер жолағын еңсеруден жарысты.
– Әскери спортшылардың дене шынықтыру дайындығы – армияның жауынгерлік қабілетінің кепілі. Жауынгерлік дайындықтың осы түріне біз жіті көңіл бөлеміз. Сондықтан сабақтарды ұйымдастыру сапасын басты назарға алып, әскери қызметшілердің спортпен шұғылдануына жағдай жасаймыз, – деп атап өтті Орталық спорт клубы спорттық-бұқаралық жұмыс бөлімінің бастығы подполковник Бекболат Ахметов.
Әскери үшсайыстан чемпионат қорытындысы бойынша «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жауынгер-спортшылары жеңімпаз атанды, екінші орын Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілеріне бұйырды, үшінші орынды Құрлық әскерлері әскери институтының құрамасы иеленді.
Әскери үшсайыс әскери қызметшілердің шымырлығын арттыруға, шеберлігін шыңдауға ғана емес, сонымен қатар әскери ұжымдардың жауынгерлік әзірлігі мен ұйымшылдығын нығайтуға ықпал етеді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -