СУ ТАСҚЫНЫН АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫНА ҚАТЫСҚАН СТУДЕНТТЕР МИНИСТР АЛҒЫС ХАТЫН АЛДЫ
Атырау облысында су тасқынына байланысты төтенше жағдай кезінде Utebayev University ұжымы мен студенттері табиғи апаттың алдын алу жұмыстарына қатысты. Университетке бекітілген аумақ – қала маңындағы Бесікті ауылы. Жайық өзенінің жағалауына 5,5 шақырымға созылған бөгет тұрғызылып, жүйелі жұмыс пен бірлескен күш-жігердің арқасында елді мекендер су басудан аулақ болды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Атырау облысына арнайы барып, Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық Жедел штабта ғалымдармен кездесіп, жағалауды бекіту жұмысымен танысты. Жедел штабтың ғылыми секторында еліміздің белгілі ғалымдары және университеттің профессор-оқытушылары да бар.
Табиғи апаттың алдын алу, салдарын жою жұмыстарына белсенді қатысқан Utebayev University ұжымы мен ерікті студенттерге министр алғыс хат жолдады. Министрдің марапатын профессор-оқытушылар, қызметкерлер мен 104 студент алды.
«Университет ұжымы сын сағатта бірлік танытып, жұмыла еңбек етті. Ауа райының әртүрлі жағдайына қарамастан қаланы қауіптен аман сақтап қалуға атсалысу туған жерге деген жанашырлықты көрсетті. Министр Саясат Нұрбектің марапатын табыстап, ұжымға, студенттерге ризашылығымызды білдірдік», - дейді университет ректоры Гүлзада Шакуликова.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -