Алматыда ардагер десантшы Виктор Изюмниковты ғасырлық мерейтойымен құттықтады
Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, Медеу ауданының құрметті тұрғыны Виктор Карпович Изюмников өзінің жүзінші туған күнін қарсы алды.
Таңертеңмен ардагердің үйіне Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, қорғаныс істері жөніндегі қалалық департаменттің әскери қызметшілері, Алматы қаласы Қарулы күштердің ардагерлері кеңесінің өкілдері жиналды.
Ардагерге Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен Алматы өңірлік гарнизонының бастығы генерал-майор Алмаз Жұмакеевтің атынан құттықтау жеткізіліп, естелік сыйлықтар табыс етілді.
Мерейтой иесі 1924 жылы Орал облысы, Зеленов ауданы, Чернояров елдімекенінде дүниеге келген. 1942 жылы 17 жасында майданға шақырту алған жас жігіт Ленинград әскери байланыс училищесіне жіберіледі. Бұл оқу орны сол кезде Оралға көшірілген еді. Оқуды бітірмей жатып, 1943 жылдың маусымында бір топ курсант әуе-десанты әскерлеріне жіберіледі.
Виктор Изюмников Мәскеу облысының Ступино қаласындағы 17-ші десанттық гвардиялық бригада құрамында майданға кіреді. Осы әскери бөлімнің сапында ол Венгрия мен Австриядағы ұрыстарға қатысты. Вена мен Чехословакиямен шекарадағы Знайме (Зноимо) қаласын азат етуге қатысып, жеңісті қарсы алды.
Соғыс аяқталғаннан кейін шайқаста шыңдалған жауынгер аға сержант атағын алып, радиостанция бастығы лауазымына тағайындалды. 100-ден астам парашютпен секірді. Виктор Карпович Изюмников II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» және тағы басқа медальдармен марапатталды.
Әскерден кейін Виктор Карпович еңбек майданына араласты. Тың және тыңайған жерлерді игеруге қатысты. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген агрономы, экономика ғылымдарының кандидаты, екі рет Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланды. Қазақстан Компартиясы ОК мүшесі, Қазақстан Министрлер Кеңесінің іс басқарушысы болды.
– Бұл қазір Алматыда тұратын әуе-десанты әскерлерінің жалғыз ардагері. Виктор Карповичтің бізбен бірге бір сапта болғанын мақтан тұтамыз. Жастарды десанттық бауырластық рухында тәрбиелейміз. Біз үшін құрметті ақсақал батылдықтың, табандылықтың және әскери борышқа адалдықтың нағыз үлгісі болып табылады, – деп атап өтті Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Раджан Жанысов.
Ардагер әскери қызметшілерге өз тілегін білдірді.
– Антқа адал болып, елге қызмет етіңіздер. Президентіміз жаңа Қазақстанның құрылысы туралы жариялады. Бұл тапсырманы орындау көбіне жастарға байланысты. Ең бастысы – бейбітшілік пен бірлікті сақтау, сонда біз табысқа жетеміз, – деді Виктор Карпович.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -