Су тасқынынан зардап шеккен әйтекебиліктер жаңа үйлеріне тамыз айында қоныстанбақ
Бөлісу:
Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаров пен Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтің Әйтеке би ауданына жұмыс сапары аясында белгілі болды.
Т.Жүргенов ауылында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға арналып салынып жатқан үйлер мен биыл пайдалануға берілетін мектеп құрылысын бағамдады. Сондай-ақ, аудандағы шегірткеге қарсы улау жұмыстары барысымен танысты.
Темірбек Жүргенов ауылы – биылғы су тасқынынан ең көп шығынға ұшыраған Әйтеке би ауданындағы ауылдардың бірі. Қазіргі уақытта суға кеткен 104 үйдің 64-іне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қарды бөлінді. 21-і екінші нарықтан тұрғындардың өз қалауымен сатып алынды, оған Болат Өтемұратов және Dar Charity қорлары демеушілік етті. 20 үйді 3 компания Bi Group компаниясының жеке қор қаражатына бірлесіп салып жатыр.
Өңір басшысы Асхат Шахаров пен Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов аудан орталығында мердігерлермен кездесті. Өзекті мәселелер жоқтығын алға тартқан құрылысшыларға жұмыстарды уақытылы аяқтап, сапасына аса мән беру керектігі міндеттелді.
Жалпы, Әйтеке би ауданында 115 үй қарғын судың астында қалды. Аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаевтың сөзінше, Т.Жүргенов ауылымен қоса, Құмқұдық және Жамбыл ауылында табиғи апаттан зардап шеккендер үшін де 6 үй бой көтеруде. Бұдан бөлек, 117 тұрғынға біржолғы төлем төленді, 70 тұрғын бүлінген мүлкіне тиісілі қаржысын алды, 65 өлген малы үшін шаруаларға шығын өтелді.
Биыл аудан орталығында 60 орындық интернаты бар 270 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Екіқабатты ғимаратта оқушыларға арналған барлық қажетті кабинет, акт мен спорт залдары қарастырылған. Құрылысқа жауапты компания жаңа оқу жылында оқушылар жаңа мектепте оқиды деп уәде беріп отыр. Компания мектеп ауласын абаттандыруы тиіс.
Облыс әкімі аудан бойынша жүргізіліп жатқан шегірткеге қарсы жұмыстарға назар аударды. Үйірлі шегірткелерді улауға 35 техника жұмылдырылған. Қажетті препараттар сатып алыныпты. 20 маусымдағы жағдай бойынша барлығы 71 мың га жер өңделген. Асхат Шахаров шегірткелерді улау жұмыстарына бөлінген қаржы көлемі артқанын, соған сәйкес, жұмыс қарқынын тоқтатпай, арттыруды тапсырды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -