Су тасқынынан зардап шеккен Ойыл ауылының тұрғындары жаңа үйлердің кілттерін алды
Ақтөбе облысында су тасқыны салдарынан баспанасынан айырылған ақтөбеліктерге кілттерді табыстау жалғасуда. Тағы 21 отбасы Ойыл ауданының Ойыл ауылында жаңа үй иелері атанды. Үйлер Eurasian Resources Group (ERG) құрылтайшы-акционерлері бөлген қаражатқа салынған.
Жалпы, ERG компаниясы Ойыл ауданында Ойыл, Қаратал, Ақкемер, Кемер, Ақжар және Бестамақ ауылдарында 172 үйдің құрылысын қаржыландырды. Ырғыз ауданында Ырғыз, Нұра және Мамыр ауылдарында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 120 үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қаражат Мұғалжар, Қобда, Темір, Ойыл және Ырғыз аудандарында, Ақтөбе қаласында тұрғын үйді сатып алуға және жөндеуге бағытталды.
23 тамыз күні аудан орталығында жаңа тұрғын үйлердің кілттерін өз иелеріне табыстау шарасына аудан басшысы А.Қазыбаев, ERG өкілдері қатысып, тұрғын үй иелерін құттықтады. Құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компаниялар өз кезегінде тұрғын үй иелеріне тұрмыстық техника табыс етті.
«Бүгін біз су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға арналған жаңа үйлерді табыстау мақсатында жиналып отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, осыған дейін аудан көлемінде қалпына келтіру жұмыстары аясында Саралжың ауылдық округінде үйлер пайдалануға берілген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық жұмыстар мерзімінде орындалуда. Тұрғын үйлер құрылысында жерлестеріміздің жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сапаға ерекше назар аударылғанын атап өткім келеді» - деді Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев.
Қаржыландыру «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоры арқылы жүзеге асырылуда. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр.
«ERG 30 жылдан бері елмен бірге дамып, жұмысын жүргізіп келеді. Біздің миссиямызда бізге сенім артқандардың өркендеуін қамтамасыз ету туралы жазылған. Сондықтан еуразиялықтар біздің кәсіпорындарымыз орналасқан туған өңірлеріміздің тұрғындары тап болған қиындықтан шетте қала алмады. Бүгін біз апаттан зардап шеккендердің жаңа тұрғын үй кілттерін алғанына қуаныштымыз», - деп атап өтті ERG компаниясының өкілі, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ойыл, Әйтеке би аудандарында су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа үйлердің кілттері табысталған болатын. Жақын аралықта аталған шаралар Мұғалжар, Қобда, Темір және Ырғыз аудандарында жалғасын таппақ.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -