Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша семинар өтті
2024 жылғы 20 қарашада Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде Аппарат басшысы Сандуғаш Абдразакқызы Ерсеитованың төрағалығымен “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру: мемлекеттік қызметшінің рөлі” тақырыбында семинар өткізілді.
Семинарға арнайы спикер ретінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Жазира Жақсылыққызы Жылқышиева шақырылды. Ол өз баяндамасында Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты, сыбайлас жемқорлық шектеулері, мүдделер қақтығысы, сондай-ақ заңнамадағы соңғы өзгерістер мен толықтырулар туралы баяндады.
Іс-шараға Әділет министрлігінің комитеттерінің, құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері қатысты. Олар мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы рөлі мен жауапкершілігі туралы пікір алмасып, сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін теріс салдары мен оны болдырмау жолдарын талқылады.
Сонымен қатар, Әділет министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Алма Сайынқызы Сыдыкова сыбайлас жемқорлықпен күресуде әрбір мемлекеттік қызметшінің рөлі орасан зор екенін, ол үшін қызметшілер әрдайым адалдық, әділдік, ашықтық, парасаттылық және қарапайымдылық қағидаттарын ұстанулары міндетті екенін атап өтті.
Әділет министрлігі әділдік, ашықтық және есептілік қағидаттарын негізге ала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту бойынша жұмыстарын жалғастыруда.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -