Талдықорғанда Айбат Амановтың құрметіне арналған «Ерлік сыныбы» ашылды
Талдықорған қаласында әскери қақтығыста ерлікпен қаза тапқан жас сарбаз, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан батыры, III-дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған Айбат Ерболұлы Амановқа арналған «Ерлік сыныбы» ашылды.
Аталмыш «Ерлік сыныбы» қаламыздағы озық білім ордаларының бірі Шоқан Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп-гимназиясында ашылып отыр.
Тағылымы мол шараға қала әкімі Ернат Бәзіл арнайы келіп, ерлік жолында қаза тапқан жас сарбаздың ер жүректігі келешек жастар үшін үлкен өнеге екендігін, ер есімі мәңгі ұмыт қалмайтынын айтып, батыр ұлды елжанды етіп тәрбие берген Айбаттың анасы Гүлназ Әлкенқызына шынайы алғысын білдірді.
«Отан отбасынан басталады. Айбат Ерболұлы өз азаматтық борышын қорғау жолында мерт болды. Жауынгердің бойындағы елжандылық, адамгершілік, ар-ождан мектептен, отбасыдан басталады. Бүгінгі арнайы сыныптың ашылуы болашақ өрендерге үлгі болсын деген ниетпен ашылып отыр. Мектеп қабырғасында білім алушылар - ертеңгі ел азаматтары. Болашақ тізгіні сендердің қолдарыңда, сондықтан оқуды жақсы оқып, ерлікті ұлықтап жүріңдер», - деді қала әкімі Ернат Бәзіл.
Шара барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Ниязтай Болатұлы Елкешев, Жетісу облысының полиция департаментінің басшылығы мектеп оқушыларына арнайы сый-сияпаттарын тарту етіп, әскери қызметкерлерге, мектеп ұстаздарына, қоғам белсенділеріне мерекелік төсбелгі табысталды.
Айта кетейік, Айбат Ерболұлына арналған «Ерлік сыныбында» жас сарбаздың жеке заттары мен спортта жеткен жетістіктері, мақтау қағаздары қойылған.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -