Талдықорғанда таеквондодан Республикалық ашық турнир басталды
Бүгін Талдықорғанда Қазақстан Республикасының мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай таеквондодан Республикалық ашық турнир басталды. «Жастар» спорт сарайында басталған турнирдің ашылу салтанатына Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев, Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері, Қазақстан таеквандо федерациясының вице-президенті Арман Чилманов және Парламент Мәжілісінің бірқатар депутаттары қатысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жарысқа қатысушыларға тілегін білдірді:
- Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына арналған таеквондодан Республикалық ашық турнирге қош келдіңіздер! Қоғам өмірінде дене шынықтыру мен спорттың орны қашанда ерекше. Үлкен спортта айтулы жетістікке жету елдің абыройы мен беделін көтерсе, бұқаралық спортты дамыту ұлт саулығына, саламатты өмір салтын насихаттауға, ұрпақ тәрбиесіне зор ықпал етеді. Бүгінде спортпен шұғылданатын азаматтардың саны жылдан жылға өсіп бүгінде жетісулықтардың 39,2 пайызы спортқа тартылған. Солардың ішінен өздеріңіз секілді талапты жасөспірімдер мен жастар көптеп шығатынына сенімдімін, - деген облыс басшысы облыста жүргізіліп жатқан спорт нысандарының құрылысы мен материалдық базасын нығайту жұмыстарына қысқаша тоқталып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Сол сияқты бірқатар қонақтар сөз алып, спорттық жарыстың ашылуымен құттықтады. Мұнан соң Дәнеш Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармониясының шағын концерттік бағарламасы ұсынылды.
Жалпы бұл чемпионатына еліміздің әр түкпірінен келген 8-17 жас аралығындағы 400-ге жуық жас таеквондошы қатысуда. Жарыс екі күнге созылады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -