Таразда Амал мерекесі тойланды
14 наурыз – Амал күніне орай Тараз қаласы Қайрат Рысқұлбеков саябағында арнайы іс-шара өтті. Мерекелік думанды Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері және тараздықтар тамашалады.
Шара барысында көпшілік амандық-саулық сұрасып, ақ тілектерін жаудырса, қариялар ақ батасын берді.
Жиналған қауым «Дулати» студенттік жастар театрының қойылымын тамашалады. Сонымен қатар ұлттық ойындар да көрініс тауып, асық ату, ләңгі тебуден жарыстар ұйымдастырылды.
Мерекелік шара соңы өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Бұл күні Тараз әуежайында ерекше жылулық сезілді. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына қарасты «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығының қызметкерлері қонақтарды жылы шырайда қарсы алып, ұлттық дәм ұсынды. Шашу шашылып, домбыраның күмбірі естіліп, меркенің шынайы лебі сезілді.
Амал күні облыс аудандарында да жалғасын тауып, дәстүр дәріптеліп, ұлттық құндылықтар ұлықталды.
Айта кетейік, ежелден келе жатқан ата салтымыз бойынша Амал күні қыстан аман-есен шыққан жұртшылық, ағайын-туыс сағынысып, көрісетін болған. Жастар үлкендерге сәлем беріп, батасын алады. Жұрт бір-біріне ақ тілектерін арнайды. Бұл – нағыз береке-бірлік пен ырыс-ынтымақтың мейрамы саналады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -