«Таза Қазақстан»: Алматыда «Жарқын күз» науқаны басталды
Алматыда «Таза Қазақстан» жалпы республикалық бағдарламасы аясында тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша акциялар жалғасуда.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпы республикалық бағдарламасы елді мекендердің аумағын көркейту мен көгалдандыруға бағытталған. Бағдарламаның басты мақсаты – қоршаған ортаға ұқыпты қарау құндылықтарын қалыптастыру, халық арасында жоғары азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті тәрбиелеу.
18-24 қазан аралығында өтетін «Жарқын күз» атты күзгі шаралар легі Баум тоғайын тазалау және көгалдандыру бойынша ауқымды экологиялық акциямен ашылды. Орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында бұл акцияға «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи саябағының қызметкерлері («Медеу паркі» МӨТП) қатысты. Сондай-ақ, акцияға Экология және қоршаған орта басқармасының қызметкерлері, жергілікті тұрғындар және қаланың эко-белсенділері де атсалысты. Іс-шара мегаполистің ең үлкен жасыл белдеулерінің бірін сақтап қалу үшін күш біріктірген жүздеген жанашыр азаматтың басын қосты. Орман шаруашылығы қызметкерлері осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.
«Орман – біздің ортақ байлығымыз. Оған қамқорлық жасау, тазалау және қорғау — біздің міндетіміз. Табиғатқа қамқорлық жасау – бұл болашақ ұрпаққа қалдыратын үлесіміз деп ойлаймын. Біз еңбегімізбен оларға жасыл әрі таза әлем сыйлаймыз», - деді кәсіби мерекесі қарсаңында әріптестерімен бірге басқарманың алғыс хатымен марапатталған орманшы Қуандық Дәулетияров.
Сондай-ақ, Алматыда көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын, аллеялар мен скверлерді көгалдандыру мақсатында тұрғындарға тегін көшеттер берілетін «Жасыл аула» жыл сайынғы акциясының қорытындыланды. Биыл қала тұрғындарынан 305 өтінім түсіп, оның 133-і мақұлданып, жалпы саны 1156 көшет берілді. Әсіресе, Әуезов, Бостандық және Алатау аудандарының тұрғындары белсенділік танытты. Көшеттер «Эко Алматы» базасында және әр ауданның комьюнити орталықтарында таратылды. Акция аясында тұрғындар қайың, шаған, алма, сәнағаш, шегіршін және бұталардың көшетін алды. Барлық көшет жаңа ережелерге сай: биіктігі кемінде 2,5 м, діңгегінің диаметрі 1,3 м биіктікте 3 см-ден кем емес.
Тұрғындардың айтуынша, мұндай бастамалар жасыл және жайлы аула құру үшін маңызды.
«Біз бұл акцияға екінші жыл қатарынан қатысып отырмыз. Ауламызды одан әрі көгалдандырғымыз келеді. Мен он бес көшет алуды жоспарлап отырмын, ағаш түрлерін өзіміз таңдаймыз», - деді акцияға қатысушы Ілияс Мамутов.
Алматыда 18 қазаннан бастап күзгі көгалдандыру науқаны да басталды. Биылғы маусымда 282 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Отырғызу материалдарын іріктеу және дайындауға ғылыми мамандар тартылды, бұл табиғи-климаттық ерекшеліктерді ескере отырып, көгалдандыруды оңтайландыруға мүмкіндік береді. Негізгі мақсат – жасыл желектердің өсіп-жетілуін арттыру және қаланың жасыл қорын сақтау.
Айта кету керек, отырғызуда әр кезең қатаң талаптарға сәйкес жүргізіледі. Міндетті шарттардың бірі – биологиялық және минералды тыңайтқыштарды енгізу, бұл ағаштардың тамыр жүйесін нығайтуға және олардың жерсінуін жақсартуға ықпал етеді. Мұндай тәсіл қалада ұзақ мерзімді және тұрақты экожүйе құруға мүмкіндік береді.
Ауқымды суару жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында биыл 58 учаскеде ұзындығы 187 км болатын автоматты суару жүйесі салынды, 110 км тамшылатып суару жүйесі тартылды, сондай-ақ 220 мыңнан астам жаңа ағаштарды қамтитын 11 құдық салынды. Қабылданған шаралардың арқасында қалада суды пайдалану оңтайландырылып, әсіресе жаз мезгілінде суарудың тиімділігі артты.
Алматыдағы маңызды оқиғалардың бірі «Plastic Reboot» пластик жинау акциясының басталуы болды. Тұрғындар пайдаланылған пластикалық бөтелкелерді тапсырып, ақшалай сыйақы ала алады. Акцияның мақсаты – қала тұрғындарының назарын пластикалық қалдықтардың пайда болу мәселесіне аудару және қаланың әр ауданында Эко-хаб, Оқушылар сарайы, Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталықтары мен комьюнити орталықтары негізінде қалдықтарды қабылдау пункттерін құруды жариялау.
Акцияға қатысу үшін тұрғындар 18-24 қазан аралығында пластикалық бұйымдарды жинап, ұйымдастырылған қабылдау пункттеріне тапсыруы керек. Пункт қызметкерлері жиналған қалдықтардың санын есептеп, олардың талаптарға сәйкестігін тексереді, қатысушының мәліметтерін (телефон нөмірі) және тапсырылған бөтелкелердің санын арнайы базаға енгізеді. Қайта өңдеуге жарамды әрбір пластикалық бұйым (сусын бөтелкелері, сусабын қаптамалары, азық-түлік қаптамалары, №5 таңбаланған бір рет қолданылатын ыдыс-аяқтар және т.б.) үшін қатысушылар 5 теңгеден сыйақы алады. Ақшалай қаражат қатысушының ұялы телефонының балансына аударылады.
Сонымен қатар, мектептер, колледждер, жоғары оқу орындарының оқушылары және мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері пластикалық бөтелкелердің қақпақтарын жинауға арналған «Мейірімді қақпақ» акциясына қатыса алады. Бұл қақпақтардан салпыншақтар, ойыншықтар, кәдесыйлар және т.б. пластикалық бұйымдар жасауға болады.
Алматыда креативті экологиялық акциялармен қатар мегаполисті күзгі-қысқы кезеңге дайындау жұмыстары да күшейтілуде. 18-24 қазан аралығында Алматыда санитарлық кесу, ағаштардың жапырақтарын жинау және қала көшелерінде, аулаларда, қоғамдық кеңістіктерде және жол инфрақұрылымы бойында қоқыстарды жинауға арналған ауқымды жұмыстар жоспарланған. Сондай-ақ, Кіші Алматы, Есентай, Үлкен Алматы, Қарғалы, Боралдай, Жарбұлақ, Тіксай өзендері мен су айдындарын қоқыстан тазарту көзделуде.
Қалалық коммуналдық қызметтер мен мердігерлік ұйымдар 1 525 км ұзындықтағы арық желілерін тазартуда жұмыстарын күшейтеді, бұл бітелудің алдын алуға және жаңбыр суының кедергісіз ағып кетуін қамтамасыз етуге көмектеседі. Тазалау барысына 1 мыңнан астам арнайы техника мен 1,4 мың жұмысшы жұмылдырылып, 5 мыңнан астам аула учаскелері, жолдар мен тротуарлар ретке келтіріледі.
Айта кетейік, қоқыс мәселесі мегаполис үшін өзекті болып қала береді және арық желілерінде коммуналдық қызмет қызметкерлері күніне 250 м³-ге дейін қоқыс жинайды.
«Мұндай акциялар қаланың экологиясын сақтау үшін өте маңызды. Біз тек қоқыс жинаумен ғана шектелмей, болашақ ұрпақ үшін орманды сақтау үшін аумақты көгалдандырамыз», - деді «Жасыл комиссия» мүшесі Омар Нұрхайдаров.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -