«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА АУҚЫМДЫ ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Ұлытау облысында ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Бұл күні облыстың барлық қала, аудандарында тазалық акциялары өтті.
Ауқымды акцияның басты мақсаты – аумақтарды тазалаумен қатар, тұрғындардың қоршаған ортаға ұқыпты қарау қажеттілігіне назар аударту. Күннің суытуына қарамастан тазалық шараларына қатысушылардың барлығы жоғары белсенділік көрсетті. Экологиялық іс-шараларға қатысушылар арасында жергілікті билік, қоғамдық ұйымдар, студенттер, белсенділер және қарапайым тұрғындар бар. Акцияға барлығы 165 ұжымнан 1700-ден астам адам мен 51 арнайы техника жұмылдырылды. Барлығы 72 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Облыс орталығының тұрғындары мен еңбек ұжымдары негізгі көшелер мен саябақ, скверлерді тазартты.
Ал, Сәтбаев қаласының еңбек ұжымдары өндірістік мекемелердің аумағын тазалап, сырлау, әктеу жұмыстарын атқарды.
««Таза Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты - халықтың назарын табиғаттың ластану проблемасына, қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға аудару. Сонымен қатар, іс-шара жастарды патриоттық тәрбиелеуге бағытталатын болады, өйткені мұндай жобалардың арқасында табиғатқа ұқыпты қараудың жақсы үлгісі болып табылатын эковолонтерлік қозғалысы дамуда», - дейді
«
BIRLIK»
еріктілер клубының жетекшісі Төлеубай Дарын.Қаражал қаласының тұрғындары да өз аулаларын тазалап, рұқсат етілмеген орындарға төгілген қоқыстарды арнайы полигонға шығарды.
Жаңаарқа, Ұлытау аудандарының тұрғындары да экологиялық акцияларға қатысты. Осы аудандардың барлық елді мекендерінде кеуіп қалған ағаштар мен арамшөптерді жою жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ қалалардағы көпқабатты үйлердің тұрғындары да аулаларын жинап, ретке келтірді. Тазалық акциясына пәтер иелері кооперативтері жетекшілік жасады.
Тазалық акциялары аясында облыстың қала мен аудандарындағы әкімдіктердің жауапты мамандары жергілікті аумақтардағы көшелерді аралап санитарлық тазалықты тексерді. Санитарлық тазалықты сақтамаған, абаттандыру ережесіне сәйкес келмейтін нысандардың иелерімен тілдесіп, кемшіліктерді қысқа мерзімде түзеу қажеттігін айтып, ескерту жасады. Ғимараттар алдын тазалау, аумақты абаттандыру сияқты жұмыстар жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар, коммуналдық мекемелер басшыларына қала-аудан көшелерін, жаяу жүргінші жолдары мен аялдама аумақтарын тазарту және қоқыстан арылту жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -