Таза Қазақстан: Жамбыл облысындағы үлгілі ауыл анықталды
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Облыста «Таза Қазақстан» акция аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 829 шақырым канал мен арық жүйесі, 137,5 мың аула және 4,8 мың шақырым көше жолдары тазартылды. 30 мыңнан астам тонна қоқыс шығарылып, 60 мыңға жуық көшет отырғызылды. Бұл жұмыстарға 1 104 бірлік техника тартылды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Сенбіліктерге жамбылдықтар белсенді атсалысып келеді.
Бірақ есеп үшін суретке түсіп, ақпарат беріп отырсақ болды деген ойдан аулақ болуымыз керек. Дегенмен, жауапкершілікпен қарап, үлгілі еңбек еткендер аз емес. Олар басқаларға өнеге болуы тиіс. «Таза Қазақстан» акциясы еліміздің тазалығына қамқорлық жасаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан тазалық жұмыстарын жұрт болып жұмылып, жүзеге асыруымыз маңызды, – деген Ербол Қарашөкеев «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпаздарына марапаттар табыстады.
Ауылдар арасындағы бәсекенің қортындысы бойынша 8 елді мекен үздік деп танылып, қаржылай сертификатқа (I орын - 50 млн. теңге, II орын - 25 млн. теңге, III орын - 10 млн. теңге) ие болды.
Атап айтқанда, Қаракемер (Қордай), Көктал (Талас), Игілік (Сарысу), Аспара (Меркі), Гродекова (Жамбыл) ауылдары үшінші орынға жайғасты. Қайрат (Жуалы) және Ақыртөбе (Т. Рысқұлов) ауылы екінші орынды еншіледі.
Байзақ ауданына қарасты Кеңес ауылы жеңіс тұғырынан көрініп, «Үлгілі ауыл» атанды.
Айта кетейік, берілген қаржыға әлеуметтік нысандардың құрылысы, сондай-ақ ауылдағы ғимараттарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл - ауыл-аймақтың ажарын ашып, тұрғындардың тұрмысын түзеуге ықпал ететіні анық.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -