ӨНЕРКӘСІПТІ ЖАҢҒЫРТУ: ШҚТУ-ДА ТАУ-КЕН МЕТАЛЛУРГИЯ САЛАСЫ КӘСІПОРЫНДАРЫНА АРНАЛҒАН ЖИ ОРТАЛЫҒЫ ҚҰРЫЛДЫ
Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында қазақстандық компаниялар консорциумы аясында металлургия, энергетика және өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларында инновациялық шешімдерді әзірлейтін Industrial AI құзырет орталығы құрылды.
«Alpha-Safety» ЖШС, «Rating» ЖШС, «Normal Work» ЖШС және «Дипмайн Технолоджис» ЖШС сияқты отандық компаниялармен, сондай-ақ ШҚТУ-дың халықаралық серіктестері – INTI International University and Colleges (Малайзия), Батыс-Саксон қолданбалы ғылымдар университеті (Германия) және Тяньцзинь университеті (Қытай) арасындағы әріптестік ғылыми зерттеулер мен озық технологияларды өндірістік қызметке тиімді енгізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақты дамуына ықпал етеді.
Industrial AI – Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылған жоба. Ол, ең алдымен, тау-кен металлургия секторы үшін жасанды интеллект саласында инновациялық шешімдерді әзірлеуге және енгізуге бағытталған. Бұл бастама процестерді автоматтандыруға, еңбек тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ отандық өнеркәсіптің жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға арналған.
Биыл желтоқсан айында Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын білім мен инновацияға негізделе отырып құру қажет екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, технологиялық және экономикалық тұрғыдан озық ел болу үшін ерекше назар аударуды қажет ететін салалардың бірі – жасанды интеллект. Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы елімізде жасанды интеллектті дамытуға арналған тұтас бір баяндамасын арнады. Ол ЖИ-дің әлемдік экономиканың трансформациясында маңызды рөл атқаратынын және Қазақстанда бұл технологияның түрлі салаларға енгізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Президент ЖИ-ге бағытталған жаңа институттардың қажеттілігіне тоқталып өтті, олардың бірі алдағы уақытта ШҚТУ-да құрылған орталық болуы мүмкін.
Industrial AI орталығының қазірдің өзінде бірнеше негізгі бағыттары бар. Солардың бірі – өндірістік процестерді бақылау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін деректерді нақты уақыт режимінде талдайтын машиналық көру жүйелерін енгізу. Сондай-ақ жабдықтарды мониторингтеуге және кәсіпорындардың энергетикалық инфрақұрылымын басқаруға ЖИ технологиясын пайдалану жоспарлануда. Бұдан бөлек, орталық жаңа технологияларды игеру, тәжірибе алмасу және инновациялық шешімдерді әзірлеу үшін тиімді алаңға айналады.
Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дағы Industrial AI орталығы ғылымды, білімді және озық технологияларды дамытудағы маңызды қадам болмақ. Сонымен бірге бұл орталық ғылыми қауымдастық пен өндіріс саласының ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етеді. Ғылыми тәсіл мен ЖИ технологиясына негізделген жүйелердің арқасында еліміздің тау-кен металлургия саласы айтарлықтай серпіліс жасап, дамудың жаңа көкжиектерін аша алады. Өндірісті және оның процестерін жаңғырту – Қазақстанның жоғары технологиялар әлеміндегі болашағы үшін маңызды кезең.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -