Темір ауданының Қопа ауылындағы бөгетті күрделі жөндеу басталды
Жұмыстар биылғы жылдың 1 қыркүйегінде аяқталады деген жоспар бар. Бұл туралы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов мәлімдеді.
Бүгінде Қопа елдімекенінде 42 түтін, 250-ден астам тұрғын бар. Су тасқыны кезінде бірде-бір үйді су басқан жоқ. Десек те, бөгет күрделі жөндеуді қажет етіпті. Құрылыс жұмыстары басталды, оған тартылған жұмысшылар мен техникалар саны жеткілікті.
«Қазіргі таңда Темір ауданы Қопа елді мекенінде орналасқан гидротехникалық құрылғылардың күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Мердігер компанияның 20-дан астам, 2 жүк тиегіш, 1 экскаватор, 2 жол тегістейтін және барлық қажетті техника бар», - деді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов.
Қопа ауылының тұрғындары да құрылысы басталған бөгеттің ауыл үшін маңызды екенін алға тартты.
«Биыл, наурыз айының аяғында ауылымызға су қатты келіп, біраз үрей туғызды. Судың бетін қайтардық. Енді міне қайтадан жаңа үлкен қорғаныс бөгеті салынып, Үкіметтен, облыс, аудан тарапынан қолдауға ие болып жатыр. Осының бәрі халықтың игілігіне пайдаланып, жақсы жұмыс атқарылады деп ойлаймыз. Болашақта осы су тасқынына қарсы бұдан да үлкен шаралар жүре берсе, бөгеттер жөнделе берсе, бұрынғы қалпымызға келіп, бәрі жақсы болады деп сенеміз», - дейді Қопа ауылының тұрғыны Асхат Кереев.
Жауапты басқарма мәліметінше, Ақтөбе облысы аумағында қарғын судан коммуналдық меншіктегі 15 бөгет пен гидротехникалық құрылғыға зақым келді. Олардың қатарында былтыр жөнделген үш бөгет бар: Щербаков, Тереңсай және Көсем. Келісімшарт бойынша оларға 2 жылдық кепілдік берілген. Жөндеу жұмыстарын жүргізген компаниялар өз қаражатына бөгеттерді қалпына келтіреді. Щербаков бөгетіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Қалған 12 қираған бөгетті қалпына келтіру үшін қаражат бөлінуде.
Айта кетейік, Темір ауданында су тасқынының салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта қарғын судан зардап шеккен 98 отбасыға жан-жақты көмек көрсетілді.
Тұрғын үй салу және екінші нарықтан баспана сатып алу, үйлерді жөндеу, әлеуметтік төлем төлеу мәселесі шешімін тапқан.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -