Темір-көпір ауылында шағын орталық ашылды
Әзірге орталыққа 3-5 жас аралығындағы 11 бүлдіршін қабылданған.
Биылғы жылдың қаңтар айында Мұғалжар ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асхат Шахаровқа Темір-көпір ауылының тұрғындары балабақша қажеттігі туралы өтініштерін жеткізген еді.
Өңір басшысының тапсырмасынан кейін көп ұзамай жергілікті билік өкілдері мен жауапты мекемелер ауылдағы ескі мектептің техникалық күйін зерделеп, шағын орталық ашу жөнінде шешім қабылдаған. Нәтижесінде, қысқа мерзімде бос тұрған ғимараттың іші жөнделіп, заманауи талаптарға сай жабдықталды.
Қазіргі таңда орталықта бүлдіршіндердің ойнап, білім алуына барлық жағдай жасалған. Тәрбиешілер жұмысқа алынған. Балаларға арналған ойыншықтар мен оқу құралдары жеткілікті. Бөлмелер жылы әрі жарық, төсек-орындары жаңа. Шағын орталық 25 балаға шақталған, әзірге 11 тәрбиеленуші келіп жүр.
Шағын орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімі Дархан Ермағанбетов қатысып қайтты. Ауыл тұрғындары шағын орталықтың пайдалануға берілуіне атсалысқан жандарға алғыстарын білдірді. Бұл бастама балалардың тәрбиесі мен дамуына оң әсерін тигізетінін айтуда.
«Өткенде облыс әкімі келгенде шағын балабақша керек деп айтып едік. Сол орталық ашылып, балаларымызды қуантып жатыр. Бұл — біздің ауыл үшін үлкен қуаныш», — дейді ауыл тұрғыны Разия Қожантаева.
Айта кетейік, жыл басында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Темір-көпір ауылында 60 орындық жаңа мектеп халық игілігіне берілді. Бүгінгі күні ауылда 47 түтін бар, 150 адам тұрады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -