Террористік актілер, киберқалқан және экономикаға қауіп – ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевпен эксклюзивті сұхбат
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев «Kazinform» агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында террористік актілердің алдын алу шаралары, геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстан экономикасы үшін қауіп-қатерлер, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жұмысқа орналасу және өзге де маңызды мәселелер туралы айтып берді.
– Ермек Алдабергенұлы, терроризм ұғымы баршамызға үйреншікті нәрсеге айналды. Бізде террористік актілер елімізден тыс жерде болады деген түсінік қалыптасқан. Алайда іс жүзінде ол Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін басты қатерлердің бірі. Өзіңіз басқарып отырған ведомство мамандары осы зұлымдыққа қарсы қалай күресуде? Елімізде терроризм мен діни экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша қандай шаралар қабылданып жатыр?
– Өкінішке қарай, сырттан енетін радикалды діни идеология Қазақстан үшін бұрыннан шынайы қауіп-қатерге айналды.
Оның ықпалымен 2011 – 2012 және 2016 жылдары республикамыздың әртүрлі өңірлерінде болған террористік актілер естеріңізде болар.
Сондықтан ҰҚК қызметкерлері үшін терроризмге қарсы күрес –жұртшылыққа көбінесе байқала бермейтін қарқынды жұмыс.
Ұлттық қауіпсіздік органдарының материалдары бойынша, ағымдағы жылы террористік қылмыс жасағаны үшін 32 адам сотталып, тағы 23-і тергелуде.
Діни радикалдар қатарынан шамамен 170 шетелдіктің елімізге кіруіне жол берілмеді.
Бұдан басқа, ҰҚК осы саладағы уәкілетті орган ретінде күштік құрылымдар мен басқа да мемлекеттік органдардың көмегімен бірқатар шараларды іске асырды.
ҰҚК Терроризмге қарсы орталығының штабы жыл басынан 300-ден астам түрлі оқу-жаттығу, семинар, адамдар көп жиналатын орындарды тексеру ұйымдастырды.
Діни және өзге де үкіметтік емес бірлестіктердің мемлекетпен бірлесіп, халықпен атқарып жатқан ауқымды жұмысын атап өткім келеді.
Көпшілік біле қоймас, экстремистерді қайта әлеуметтендіру бойынша біздің тәжірибеміз әлемде озық деп танылған. Оның әртүрлі халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ тарапынан жоғары бағаланғанын атап өткен жөн.
Дінтанушылармен, имамдармен әңгімелесуден кейін радикалдардың бұрынғы ойларынан бас тартып, өздері ерікті атанған фактілері көп.
Сонымен қатар терроризмге қарсы күресте біз шетелдік серіктестермен екіжақты және көпжақты негізде тығыз ынтымақтасамыз.
ТМД Терроризмге қарсы орталығының, ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының және басқа да алаңдардың қызметіне ҰҚК белсенді түрде қатысады.
Алайда Қазақстанда терроризм қаупі жойылды деп айтуға әлі ерте. Бұл проблема барша әлемде, тиісінше біздің елімізде де ұзақ уақыт бойы өзекті болады.
– Сіз жақында Мемлекет басшысына екі террористік актіге жол берілмегені туралы баяндадыңыз. Соның бірі – шетелдік серіктестермен атқарылған шаруа. Осы істер туралы толығырақ мәлімет бере аласыз ба?
– Бірінші террористік акт Ақтауда тоқтатылды. Мұқият жедел зерттеудің нәтижесінде қала тұрғындарының бірі радикалды діни идеологияны ұстанушы ретінде назарға ілінді.
Ол бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған. Интернеттегі шетелдік содырлардың үгіт-насихатының ықпалымен мемлекеттік органдардың бірінің ғимаратында жарылыс жасамақ болған.
Қолдан жарылғыш құрылғы жасауға арналған компоненттерді, соның ішінде жанғыш және өзге де химиялық қоспаларды, сондай-ақ зақымдау элементтерін – бұрандамалар мен шегелерді сатып алған. Тінту барысында оның үйінен дайын жарылғыш заттар салынған 4 ыдыс және террористік актіге дайындық фактісін дәлелдейтін басқа да айғақтар табылып, алынды.
Екінші террористік актінің шетелде жолы кесілді. ҰҚК жедел қызметкерлері жоспарланған акция туралы алғашқы мәліметтер алып, ол туралы шетел мемлекетінің тиісті қызметтері дереу хабардар етілді. Бірлескен тексеру барысында материалдар расталып, теріс әрекеттің алды алынды.
Айта кету керек, терроризмнің шекарасы жоқ, сондықтан шетелдік арнаулы қызметтермен ақпарат алмасу мәселелері өте маңызды.
– Тағы бір өзекті проблема – синтетикалық есірткі жасау және тарату. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертханаларды жою және прекурсорларды әкелуге тыйым салу үшін не істеу керек?
– Синтетиканың таралуы күн сайын артып келеді. Ол қолжетімді тауарға айналды және, қылмыскерлердің ойлауынша, сату үшін қауіпсіз. Интернетке қосылған заманауи «гаджет» болса жеткілікті.
Есірткі сатушылар толық анонимдікке сенеді, себебі барлық процесс онлайн режимде жүреді. Қатысушыларға мессенджердегі лақап аттар мен интернет-дүкендердің атауы ғана белгілі.
Осының барлығы шығыны мен тәуекелі аз, табысы көп деп ойлайтын кейбір жастарды тартатыны анық.
Осыған қарамастан, біз қабылдап жатқан шаралар есірткі бизнесімен айналысатындардың жолын кесуге мүмкіндік береді.
Осы жылдың 6 айында ҰҚК 800 кг астам синтетикалық есірткі мен 13 тоннадан астам химиялық реагентті заңсыз айналымнан алды. 16 жасырын зертхана, сондай-ақ 24 халықаралық және 17 өңірлік есірткі арнасы жойылды.
Есірткіге қарсы әрбір іс-шара өскелең ұрпақтың өмірі мен денсаулығын тәуелділіктен сақтай алатынын анық түсінеміз.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті арнаулы қызмет ретінде трансұлттық есірткі бизнесіне қарсы тұруға бағытталғанын атап өткім келеді. Мұнда да халықаралық ынтымақтастыққа ерекше мән беріледі.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет дәрілік заттар жасауда қолданылатын шикізат пен құрал-жабдықтарды әкелу мен таратуға бақылауды күшейту бойынша заңнамалық шаралар енгізді.
Сайып келгенде, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес тек мемлекет тарапынан ұзақ мерзімді және жүйелі күш-жігер емес, қоғамның белсенді қолдауын да қажет етеді.
– Комитет алдында еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қандай міндеттер тұр?
– Ұлттық қауіпсіздік комитеті өз өкілеттіктеріне сәйкес және ел басшылығының тапсырмасы бойынша Үкіметке экономикалық әлеуетті қорғау, бюджет саясатының тиімділігін арттыру, көлеңкелі экономика деңгейін төмендету жөніндегі шараларды іске асыруға жәрдем көрсетеді.
Біз билік органдарына экономика салаларындағы проблемалық аспектілер туралы хабарлаймыз. Құзырлы мемлекеттік органдарға республикамыздың мүдделеріне экономикалық зиян келтірудің алғышарттары туралы объективті материалдар тұрақты түрде беріліп отырады.
Бұл ретте, экономикаға сырттан келетін қауіптер туралы деректер жабық сипатта болады және оған арнаулы қызметтерге тән жұмыс әдістерін қолдану арқылы қол жеткізіледі.
Биыл ұлттық қауіпсіздік органдары бастама жасаған шаралардың қорытындылары бойынша жиынтық тиімділік қазірдің өзінде 1 триллион теңгеден асты.
Заңнамадағы олқылықтарды жою жұмыстары да маңызды рөл атқарады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекет экономикасына әсер ететін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге белсенді түрде қатысады.
– Ермек Алдабергенұлы, Мемлекеттік шекарамыздың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі, мемлекеттер арасында шекараны бірлесіп күзетудің қандай тетіктері бар?
– Қазақстанның ахуалына геосаяси орналасуына байланысты заңсыз көші-қон, есірткі тасымалы, контрабанда, терроризм және діни экстремизм көріністері сияқты кең ауқымды сыртқы қауіп-қатерлер ықпал етіп отыр.Еліміздің шекарасында аталған қауіп-қатерлерге қарсы тұру Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне жүктелген.
Жыл басынан бері шекарашылар шекара режимі мен аумақтық су ережесін бұзған 17 мыңнан астам адамды анықтады. 340 шақырымнан астам браконьерлік құрал тәркіленіп, 3 миллиард теңге шығынның алдын алу мүмкін болды. 316 қару мен оқ-дәріні, 294 есірткіні, 268 діни әдебиетті алып өту әрекетінің жолы кесілді.
Ел басшылығы шекара қауіпсіздігін тұрақты деңгейде ұстауға көп көңіл бөледі. Жуырда Үкімет шекараны жақсарту бойынша кешенді шаралар жоспарын ұсынды. Бұл – инженерлік жабдықты күшейту, техникалық құрал-жабдықтар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын кеңінен қолдану, заманауи заставалар мен өткізу пункттерін пайдалануға беру арқылы «ақылды шекара» қағидатын кезең-кезеңімен енгізуді көздейтін байыпты құжат. Бұл шараларды жүзеге асыру, бір жағынан, республика шекарасын нығайтуға, екіншіден, адал азаматтардың қозғалысы мен сауда ағынын жеңілдетуге ықпал етуі керек.
Сонымен қатар біз шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту ұзақ және күрделі процесс екенін түсінуіміз қажет. Бұл жерде мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктерін ескеру маңызды.
Көрші елдермен шекараны бірлесіп күзетуге келетін болсақ, оның бүкіл периметрі бойынша шекаралық өкілдіктер жұмыс істейді. Осы мәселелер бойынша шетелдік серіктестермен байланыс күнделікті жүзеге асырылады. Шекараның Қытай, Қырғыз, Ресей және Өзбекстан учаскелерінде жүйелі түрде бірлескен және келісілген іс-шараларды жүргіземіз. Сонымен қатар ТМД, ҰҚШҰ және ШЫҰ платформаларында тиісті мемлекеттердің шекара ведомстволарымен ынтымақтасамыз.
– Шекаралық қауіпсіздік жағдайын нақты түсіндірдіңіз, ал еліміздің ақпараттық кеңістігін киберқауіптерден қорғау туралы не айтасыз?
– Технологияның дамуын ескерсек, бұл – өте өзекті мәселе. Өздеріңіз білетіндей, Cyber Shield жүйесі Қазақстанда 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Соңғы бір жылда Интернеттің қазақстандық сегментіне жасалған
220 миллионнан астам желілік шабуылға тойтарыс берілді.
Қазақстан азаматтарының жеке деректерінің сыртқа шығуына және елдегі байланыс операторларының желілеріне хакерлердің енуіне қатысты жағдайға жеке-жеке тоқталғым келеді. Бұл фактілерді Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланбас бұрын әшкерелеген. Уәкілетті министрлікпен және байланыс операторларымен бірлесе отырып, олқылықтарды жою және залалды азайту жұмыстары жүргізілді. Мұндай шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, қазіргі уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдасқан топтардың еліміздің аса маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілеріне қарсы жасаған қылмыстары бойынша 10 қылмыстық істі тергеу үстінде. Осы санаттағы істерді тергеудің ең қиын бөлігі – хакерлер мен шабуылдар көздерін анықтау.
Алдағы уақытта қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне осындай әрекеттерді жасағаны үшін жауапкершілікті қатайту бөлігінде түзетулер енгізу жоспарланып отыр.
Екіншіден, қазақстандықтарды алаңдататын мәселе – интернет-алаяқтыққа тоқталып өтсек. Уәкілетті органдар шабуылдаушыларға қарсы тұру үшін бірқатар шара ұйымдастырды. Тиісті заң жобасы Парламент Мәжілісінде талқыланады. Бұл жұмысқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті де атсалысып жатыр.
Ақпараттық қауіпсіздік – жаңа шешімдерді үнемі іздеу. Заманауи технологиялардың болуы қауіпсіздікке 100% кепілдік бермейді. Цифрлық әлем күн сайын өзгеріп жатыр, тиісінше киберқылмыскерлердің мүмкіндіктері де дамып келеді. Біздің басты міндетіміз – осы «сайыста» артта қалмай, бір қадам алда болу.
Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында отандық бағдарламалық әзірлемелердің, сондай-ақ жасанды интеллект тетіктерінің қолданыла бастағаны қуантады.
– Жақында Астанада ШЫҰ саммиті өтті. Осы ауқымды шараны өткізуде Сіздің ведомство қандай үлес қосты?
– ШЫҰ саммиті ауқымы бойынша бұрын-соңды болмаған саяси іс-шара. Елімізге 16 елдің мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдардың басшылары келді.
Форумды өткізу тек ұйымдастырушылардан емес, арнаулы және құқық қорғау органдарынан да орасан зор күш-жігерді талап етті. Ұлттық қауіпсіздік комитеті халықаралық террористік ұйымдардың қарқындылығын ескере отырып, терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтардың күштері мен құралдарының дайындығын арттыру шараларына бастамашылық жасады.
Террористік тұрғыдан осал 350-ге жуық нысан бағаланып, күзетілді. Сонымен қатар, 200-ден астам маңызды инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігі күшейтілді. Жарылғыш заттарды анықтайтын мамандар мен кинологтар жұмылдырылды. Барлығы 2500-ге жуық түрлі іс-шара жүзеге асырылды. Ел ішінде де, шетелдегі қауіп-қатер жағдайында да жедел жұмыс күшейтілді.
– Кез келген арнаулы қызмет жұртшылықтың көзіне түспейтін мекеме екенін бәрі біледі. Халыққа барлығын дерлік айта алмайсыз. Қызметіңіздің ерекшелігі мен ашықтығы арасындағы тепе-теңдікті қалай табуға болады?
– Шынында да, арнаулы қызметтегі жұмысы жоғары дәрежедегі құпиялылықты және қатаң қауіпсіздік протоколдарын сақтауды талап етеді.
Алайда біз халықтың сенімін сақтау қажет екенін де мойындаймыз. Тепе-теңдікке қол жеткізу үшін «мүмкіндік шегіндегі ашықтық» тәсілін ұстануға тырысамыз.
ҰҚК баспасөз қызметі өз жұмысының нәтижелері туралы ақпаратты жүйелі түрде жариялайды, журналистер үшін пресс-турлар, терроризмге қарсы операция жағдайындағы БАҚ әрекеттері туралы тренингтер мен дәрістер өткізеді.
Комитет Instagram, Facebook, Tik-Tok, X және YouTube видеохостингі сияқты әлеуметтік желілерде де белсенді.
Біз ақпаратты елдің қауіпсіздік мүддесіне қатер төндірмейтін,сондай-ақ жедел-іздестіру іс-шараларымыздың егжей-тегжейлерін ашпайтын дәрежеде жариялаймыз.
Бұл ретте, Ұлттық қауіпсіздік комитеті кез келген мемлекеттік орган сияқты БАҚ өкілдері мен азаматтардың өтініштерін қабылдайды. Жыл басынан бері 11 000-нан астам өтініш келіп түсті. Оның біреуі де біздің тарапымыздан жауапсыз қалған жоқ.
Бұл шаралар халыққа арнаулы қызмет ерекшеліктерін тереңірек түсінуге және жас мамандарды ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет етуге тартуға көмектеседі деп сенеміз.
– Қазір жастардың әскери қызметке деген қызығушылығы төмен. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде кадрларды іріктеу мен жинақтауда қиындықтар бар ма?
– Жастардың Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етуге деген қызығушылығы төмендеген жоқ.
Керісінше, биыл Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясы мен Шекара академиясына оқуға немесе тікелей қабылдауға іріктеу қатаң болғанымен, кандидаттар саны 30 пайызға өсті.
Біздің контингент мектеп түлектерінен немесе жұмыс істеп жүрген жоғары білімді, Отан игілігі үшін қызмет етуге дайын мамандардан тұрады.
Кандидаттарға қойылатын нақты талаптар ҰҚК сайтында орналастырылған немесе олармен тұрғылықты жеріңіздегі аумақтық органға барып таныса аласыз.
2023 жылдың қазан айынан бастап ведомствоның сайтында кандидаттарды қашықтықтан тестілеу бағдарламасы іске қосылды. Өз болашағын ұлттық қауіпсіздік органдарымен байланыстыруға бел буған кез келген адам тестілеуден өтіп, оның нәтижесі бойынша кандидаттар тізіміне қосыла алады. Бүгінгі таңда бұл мүмкіндікті 1300-ден астам адам пайдаланып, оның 175-і өту баллына қол жеткізді.
– Барша қазақстандықты елімізде бұрын-соңды болмаған су тасқынымен күрес біріктіре түскені рас. Бұл ретте, комитет қызметкерлері де шетте қалмағанын білеміз...
– Бұл табиғи апат ел үшін зор сынаққа айналды.
Барлық қазақстандықтар сияқты су тасқыны аймағында қалған республика тұрғындары үшін алаңдадық. Олардың арасында әріптестеріміз, сондай-ақ олардың туыстары мен достары бар.
ҰҚК қызметкерлері су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысты. Шекара қызметінің әскери қызметшілері 10 мыңнан астам адамды эвакуациялап, апатты аймақтарға тұрақты түрде азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізіп тұрды. Бұл ведомствоның 100 бірліктен астам техникасы пайдаланылды.
Су тасқыны жағдайын әуеден бақылап, құтқару күштерін жұмылдыруға ҰҚК Авиация қызметі де жұмылдырылды.
Сонымен қатар ҰҚК түрлі бөлімшелерінің ұжымдары су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін ақшалай қаражат жинауды бастамашылықпен ұйымдастырды. «Қазақстан халқына» қорына барлығы 330 миллион теңгеден астам қаржы жөнелтілді.
Kazinform
Дереккөз: "ҚазАқпарат" Халықаралық ақпарат агенттігі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -