ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ БАҚ АЛҒАШҚЫ ЖЕМІСІН БЕРДІ
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Жасыл белдеу» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосу мақсатында 10 га аумаққа жеміс көшеттерін отырғызған болатын. Жоба биыл нәтижесін беріп, тәжірибелік-ботаникалық бақ ағаштары алғашқы жемістің нышанын көрсетті.
Университеттің «Өнеркәсіптік кешені мәселелері және энергоаппараттық қорлар» ғылыми-зерттеу зертханасы жүргізіп жатқан бау шаруашылығында 8 гектарға өріктің Субхана сорты, 2 гектарға жүзімнің кишмиш Gigantic сортының көшеттері өткен жылы отырғызылған. Ғылыми-зерттеу зертханасының жоғары білікті маманы Евгений Цхе ерекше сорттағы жеміс ағаштары екі жылдан кейін жемісін толық бере бастайды дейді.
«Жүзімнің Gigantic сұрпы Ферғанадан, өріктің Субхана сұрпы Үрімшіден арнайы әкелінді. Қазіргі таңда жеміс көшеттерінің 80 пайызы жерсініп, көктеп тұр. Күтімі жақсы, уақытында суғарылса, алдағы 2 жылда толық жемісін береді деп жоспарлап отырмыз. Жемістердің ерекшелігі, мәселен, бір түп өрік маусымында 100 келідей өнім береді. Бұл – кептірілген жемістер дайындауға арналған арнайы сорттар. Жемістер піскен соң талдан үзілмей тұрып-ақ 50 пайыз қаққа айналады. Жиналған өнім оқу ордасының зертханасында арнайы қондырғыларда ерекші әдіспен кептіріледі. Бұл кептірілген жемістер шет елдік өнімдерге қарағанда экологиялық таза, жоғары деңгейде құрамының сақталуына байланысты сапасы жоғары болады», - деп атап өтті Евгений Цхе.
Ботаникалық бақтағы жеміс көшеттеріне тамшылатып суғару технологиясы қолдануда. Университет қажетті құрылғылармен толық қамтамасыз етілген. Ғалымдар енді көшеттік тұқымбақ ашуды жоспарлап отыр.
Әуезов ғалымдары жүзім, сары өрік жемістерінен табиғи экологиялық таза мейіз, кептірілген сары өрік алу технологиясымен айналысып келеді. Қазіргі таңда зертханада жемістерді ыстық сумен өңдейтін (бланширователь ИПКС-073-01(H) және инфракүлгін, конвективті түрде кептіретін құрылғылармен ғалымдар процестерді жүргізеді. Алдағы уақытта бау шаруашылығындағы шикізатты ғалымдар инновациялық технологияларды пайдалана отырып, қайта өңдеп, нарыққа шығарады. Қазірдің өзінен бау-бақша өнімдеріне жергілікті қайта өңдеумен айналысатын өндірістер қызығушылық танытуда.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -